Шығырдан туған шабыт

Шығырдан туған шабыт

Толқыны жағаның сәмбі талының бұтағын тербеген – Торғай өзені. Етегі өзен суымен шайылған – Байдәулет. 1917 жылы ақырған ақпанда ақ патша әскерінің соңғы табаны тиген жер. Атақты «Доғал-Ағаштыкөл » шайқасында күші басым жаумен айқасқан сарбаздардың шегініп, Аманкелдінің бұйрығымен Әбдіғаппардың інісі Жағыппардың 40 жігітімен тосқауылда қалып ерлікпен қаза табатын қасіретті мекен «Қосан мен Тыныбай» көңдері, Маңғал тамы.

Міне, осы қасиетті тарихи мекенде біздің кейіпкеріміз айтулы өнерпаз, бесаспап музыкант, дарынды дирижер Аманкелді ауданының құрметті азаматы Сапар аға Ахметжанұлы 1947 жылы 10 –шы қаңтарда дүниеге келген. Егілген тұқымды топырақ арасында жатқанда ешкім көрмейді тек өсіп шыққанда ғана назар аудара бастайды. Бірақ Сәкең, “болар бала қандай болатынын” 8 жасынан-ақ дәлелдеп келеді. Анасы Бижанның қасында жүріп қаршадайынан шығыр айдауды меңгерді. Әкесі Ахметжан 1942 жылы Харковь түбіндегі Кеңес әскерінің сәтсіз шабуылдарының бірінде қоршауда қалып, жаралы күйінде жау қолына түсті, неміс тұтқынының барлық қасіретін тартты. Жау жеңіліп елге аман-есен оралған жауынгердің пешенесіне тағы да сталиндік жазалау лагерінің азабы жазылып қойған еді. Әрине, оған аузынан құранын тастамаған намазхандығы да себеп болады. Ол кездегі дінге , молдаға деген көзқарас белгілі ғой.

Жесір ана, жетім бала тағдыр ұсынған сан сынаққа иілсе де сынбай өмір үшін күресін жалғастыра береді. Ес жиып көз ашқаннан көргесін бе Сәкеңнің өмірінде шығырдың орны бөлек. Көзі былғарымен тұмшаланған өгіздің үстінде айдаушы балаға шығырдың түрлі тетіктерінен шығатын дыбыстар, бірқалыпты ырғақтар түрлі әуендердің басын қосқан оркестр секілді елестейтін. Көнбіс өгіздің бірқалыпты жүрісі, тұяқтардың жерге тигендегі үні, тегеріштердің сықыры, қауғалардың суға батып-шығып айналып барып науаға құйылуы, тартпа бойлап аққан судың сылдыры, жел тербеген қамыс бастарының шуылы бәрі қосылып керемет бір аспаптық күй құрайтын. Қазақтың қарапайым ғана, жергілікті ұсталардың қолынан шыққан егін суғаруға арналған құралында таңғажайып әлем барын көкірегіне түйіп өскен әсершіл адам ғана түсінсе керек. Осы ғажайып бала Сапардың болашағын айқындап берді. Санасына – саздың, жүрегіне – әуеннің нәзік иірімдерін ұялатты.

Ол кез сұм соғыстың жарасы жазылмаған, елдің еңсесін әлі де тіктей қоймаған кезі еді. Анасы Бижан жалғыз ұлын ешкімге жәутеңдетпеймін деп Бүйректалдан күйеуі айдалып кеткеннен кейін осында қоныс аударды. Төркін жұрты Елкелер ащы тағдырына ашынып, адуындау мінезді қыздарын да, ерке жиендерін де сыртқа теппей өз бауырларына тартты. «Байдәулет-Ағаштыкөлдегі» Елке ағайындар жерді емуді ерте бастан үйреніп тары егуді кәсіп еткен. Осы бітеуге септігін тигізді. Адамға – нан, малға – азық болды. Бижан шығыр айдайтын қасында жалғызы – Сапар. Екеуінің міндеті шығырмен су шығару, қалған тірлік егіншілердің мойнында. Сәкең бала кезінде есінде қалған нағашылары туралы естелігін мақтана, шабыттана айтады. Ол кездегі рекордты кім өлшеп- пішіпті, әйтеуір Жаннан деген кісінің гектарынан 450 центнер  тары алғаны есінде. Арық қазғанда кетпенмен топырақты 5-6 м дейін лақтыратыны, Шәкір нағашысының күніге тереңдігі 1 м, ұзындығы 50-60 м арықты ән салып жүріп қазатыны көз алдында.

Тарыны өсіру бар да, оны пұлға айналдырып жарату бар. Бұл шаруаны туған нағашысы Шайқы атқаратын. Қалаға апарып сатып, ақшаға немесе матаға, қант- шайға айырбастап ағайындардың мұқтаждарын өтеп келетін.

Ферма меңгерушісі Қажымұрат та, басқарма Бекшин Сәду де қолынан келгенше ағайынның қазанының бос қалмауын, қарнының аш болмауының қамын жасады. Соғыс салған жаралардың тез жазылуын мақсат етті. Дәрі – дәрмектің қат кезі шешек, қызылша деген жұқпалы ауырулар шығып, әсіресе, жас балаларды жайпап кететін. Ондай бәледен аман қалғанмен «таз» деген жұқпалы жараның кейде құтырып кететіні бар еді. Сондай дерттен Сәкең де аман қалмады. Ол кезде дәрігерлер ауыл- ауылдарға шығып, жара шыққан балаларды ауданда ашылған арнайы орынға жинап емдейтін. Жалғызының болашағына алаңдап қиналған Бижан ана бөшке толы іркітке баласын салып та жіберген. Оған болмағасын тарыны бөктіріп ыстық күйінде бақырып жылағанына қарамай басына тартып тастапты. Содан барлық шаш жидіп түсіп қалады. Қылтанақсыз қалған бас аршыған жұмыртқадай жылтырап шыға келеді. Осы емдерден бе, басқадан ба әйтеуір баласының басына қарайып шаш шықанда ана жүрегі жарылардай қуаныпты. Қызығы бұрынғы жирен шаштың орнын қап-қара шаш басады.

Алғаш әліппе ашып білім алған жері – «Байдаулеттегі» бастауыш мектепті, қолына қалам алғызып, сауатын ашқан Ғазез, Ғалым, Иманәлі, Мұқат, Отарбай ағайларын сүйсіне еске алады.

Музыка деген құдіреттің сәулесі Сапардың жүрегіне ең алғаш Ахмет Жұбановтың «Би» күйімен енеді. Бағанның басына орнатылған радиодан түрлі жаңалық, хабарлармен бірге, арасында ән мен күйлер де берілетін. Ол кезде қазіргідей бірден жазып алатын құралдар жоқ. Әуен құлақпен тыңдалып барып көңілге енетін, жүректе жатталатын. Баған басынан музыканың дауысы шықты ма Сәкең соның қасынан табылатын, қашан аяқталғанша тапжылмай тұратын. Осылай музыкаға деген сүйіспеншілік оның мәңгілік мұратына айналады. Болашақ дарынның есінде ерекше қалғаны «Бүйректалдағы» Тасмұрат ұлы Болат атты күйші мұғалімінің «Би » күйін бір мерекеде елдің алдында құйқылжыта орындауы. Бұрын баған басындағы құлағы қалқиған радиодан тыңдаған күйін қарсы алдында тірі адамның орындағаны бала Сапарды таң қалдырады, тіпті ашылған аузымның суы қалай аққанын да байқамаппын дейді. Домбыраға деген махаббат, күйге деген іңкәрлік жас баланың бойына шым шымдап емес, батпандап тұрып енеді, домбыраны бір айда кәдімгідей үйреніп алады, алғаш тартқаны да сол Ахмет абыздың «Би» күйі еді. Жалғызының алғырлығын бірден байқап, қолдап қуанған әке «Облыстағы халық шығармашылы үйі»  өнер мектебіне 400 сом төлеп оқытады. Оқуды бітірген жас дарын мұғалім болып ауылдағы мектепте бірнеше жыл қызмет атқарады. Алған біліміне қанағаттанбаған болашақ дирижер 1969 жылы Целиноград қаласындағы Мемлекеттік педагогикалық институтты бітіріп жоғары білімді музыка маны болып оралады. Оның сыртында сырнайшылардың бір жылдық курсын бітіріп, орындаушылық қабілетін шыңдап, бесаспап музыкантқа айналады. Бұл кезде бес сызықтың бойында орналасқан жеті нотаның сиқыры Сапардың тұла бойын елітіп, мөлдір сезімнің тереңіне әбден бойлатып жіберіп еді. Орда бұзар отызға таяп қалған жас дарынды аудан басшылары да ерте танып қолтығынан демеуді ұмытпады. Аудандық атқару комитетінің төрағасы Ә. Дүйсенбаев және орынбасары өзі де өнерлі Ж. Өмірбеков ағаларының ұсынуымен 1974 жылы тұңғыш аудандық саз мектебінің директоры қызметіне тағайындалды. Жаңадан құрылған мектептің түтінінің түзу шығуына да, шәкірттердің қанаттары бекіп, топшысының қатаюына мүдделі басшы ешқанбай қамшы салдырмай, сүйікті жұмысын қызыға да, құлшына атқарды, ағаларының сенімін абыроймен ақтай білді. Оның сыртында аудандық мәдениет бөлімін 9 жыл басқарды. Сапар құрған халық аспаптары оркестрі қандай жарысқа бармасын жүлдесіз оралмайтын. Ал жаңдан ашылған Амантоғай ауданындағы Ахметжанов құрған оркестр бірнеше жыл қатарынан «Торғай әуендері» фестивалінде Бас жүлдені ешкімге бермегені елдің есінде.

– Халық шығармашылығы деген ерекше назар аударатын жеке ғылым, өнердің белді саласы, – дейді Сәкең жалынды жастық шағын еске алғанда.

Мұның кереметі – ел ішінде таныла алмай жүрген таланттарды елге танытуда, олардың шабыттарына дем беріп, қанаттандыруда.

Сапар аға қай ұжыммен жұмыс істесін, мақсаты тек алда болу. Өнердің шарты да сол емес пе. Оның айқын дәлелі «Құрметті Халық Оркестрі» деген атақты 5 ұйымға алып берді.

Олар: 1. Аманкелді ауданының халық аспаптары оркестрі.

  1. Амантоғай аудандық халық аспаптар оркестрі.
  2. Астана гуманитарлық колледжі. Атақты қобызшы Қ.Әбеновтың есімін де өзі бергізеді.
  3. Ж.Жабаев атындағы мектеп-гимназиясы. Астана қаласы.
  4. Целиноград аудандық мәдениет үйінің оркестрі.

Аманкелді ауданының өнерпаздарын Мәскеудегі Халық Шығармашылығы Көрмесіне апарғаны, Алматыда, Алатау баурайында Торғай әуендерінің қалықтағаны, Кереку, Қостанай т.б. жерлерге өнер ұжымын апарып таныстырғаны бәрі санасында сайрап тұр.

Қос ауданының оркестрінің мүшелерінің басын қосып бауырлас Түркия жұртына өнерлерін көрсетіп, абыройлы оралғаны да зор мәртебе.

Ұйымдастыру қабілетінің арқасында Қостанай облысының Б.Майлин, Әулиекөл, Қарабалық, Денисов аудандарының оркестрлерін құруға ат салысты. Ақмола облысының Жарқайың, Сандықтау, Егіндікөл аудандарының оркестрлерінің басын қосып Ақмола облысының галла концертінде басқарғаны бөлек әңгіме. Ата-баба жұрты «Бүйректалға» түрлі музыкалық аспаптар, сахналық киімдер тарту етіп «Мойыл толқындары» ансамблін құрғаны да күні кеше ғана сияқты.

Өнерді мәңгілік мұрат еткен Сәкеңнің ізін басқан шәкірттері бір шоғыр.

Айтбай секілді айтулы күйші әкенің дүбірлі күйлерін берісі Астана халқына, арысы алты алашқа паш етіп жүрген дәулескер күйші Анар Мұздаханова, Қарағанды қаласындағы Бас дәстүрлі күйші – Сәлім Ізтілеуов, Зеренді қаласындағы саз мектебінің директоры Г. Қажығали, жезтаңдай әншілер Ботакөз бен Зоя Дүбірбаевалар, «Қосымша білім беру ісінің үздігі» күйші Ж. Байкенов, Қ. Шаяхметов  т.б айтуға болады.

Ұзақ жылғы маңдай терінің өтеуінің белгісіндей ҚР Мәдениет қайраткері атағы бар.

Аманкелді және Целиноград аудандарының «Құрметті азаматы»

Жалпы Сапар аға туралы айту да жазу да оңай емес. Оны сахнада ұшатын қаршығадай қомданып тұрғаннан бастап көру керек. Аппақ киім киген дирижер, көкке көтерілген қос қол, шиыршық атқан дене бәрі бәрі сан түрлі дыбыстарды сақшыдай бақылап, тұла бойынан өткізіп ырғақпен билеп, шығарманың ішіне еніп кеткендей күйде көресің. Музыканың құдіретімен хас шебердің тоғысқан сәті осындай шығар бәлкім.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің бас Сардары Аманкелді батырдың 150 жылдық тойында өнерпаз ағам мерекенің беташарын атақты «Аманкелді дүбірімен» бастады. Жасы 73-ке келсе де ешқандай қартаймаған, жалыны ортаймаған, сол баяғы қалпы. Жасай бер шығырдан – шабыт, күйден – қуат, өнерден – шуақ алған Сапар аға!

 Жұмабеков Серік

 Үрпек ауылы. 13.09.2023 жыл.

Жаңалықтармен бөлісу