Бұған дейін қаланың шеткері бөліктерінде ұйымдастырылып келген кезекті жәрмеңкес №5 мөлтек ауданда орналасқан «Шыңғысхан» базары аумағында өтті.
Ауыл өнім өндірушілері мен қала тұтынушыларының делдалдарсыз саудасы бағаның шарықтамауына тікелей ықпал ететіні белгілі. Құрт, ірімшік, май, ет, бақша өнімдері, қысқасы жәрмеңкеден дастархан мәзіріне қажетті өнімдердің түр-түрін табуға болады. Тұтас мал еттері де көптеп саудаға шығарылды.
«Бүгін базарымызда алғаш рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп отыр. Бұл осы аумаққа өте қажетті сауда-саттық деп ойлаймыз. Себебі, орталық «Гаухар» базарына баруға әркімінің мүмкіндігі бола бермейді. Әлеуметтік жәрмеңкенің өткізілуі қала басшылығымен келісілген. Алдағы уақытта да осы жерде өткізіліп тұрса халыққа көп жақсы болады»,– дейді базар басшысы Темірғали Тоқаев.
Қала тұрғыны Ертай Ибраев та бұл араның сауда-саттыққа өте қолайлы екенін айтады. «Үйіміздің жанында жәрмеңке өтіп, жақсы болып жатыр. Қаланың нақ ортасы. Жан-жақтан қаймақ, сүт сияқты өнімдер әкелінуде. Бәрі қолжетімді. Өзім де осы арадан сауда жасап, ірімшік пен тартылған ет алғалы тұрмын»,-дейді ол ризашылық пейілін білдіріп.
Жәрмеңкеге белсене қатысқандардың қатарынан Көктау ауылының тұрғындарын да көптеп көруге болады. Ауылтұрғындары Мәрзия Шегебаева мен Жанат Бергелдина қалаға текөздерінің еңбектеніп өндірген өнімдерін әкелгенін айтады.
Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген есебінше, кезекті жәрмеңкеде 3 бас ірі қара, 10 қой, 6,5 л сүт, 50 л қымыз, 5 кг ірімшік, 6,4 т қауын-қарбыз, 800 кг қияр, 100 кг қызанақ, 500 кг картоп, 200 кг сәбіз сатылды. Мұның сыртында 105 кг балық, 3650 (бірлік) жұмыртқа сатылды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы