Мектепке қабылдау тәртібі өзгереді

Мектепке қабылдау тәртібі өзгереді

Балаларды мектепке қабылдауға қажет құжаттарды тапсыру мерзімі өзгеруі мүмкін. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған Оқу-ағарту министрлігінің бұйрық жобасында жазылған. 

«Бірінші сыныпқа қабылданатын балалардың ата-анасынан немесе өзге де заңды өкілдерінен құжат қабылдау ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап жүзеге асырылады», делінген құжаттың жаңа редакциясында.

Айта кетейік, қолданыстағы талап бойынша бірінші сыныпқа баратын балалардан құжат қабылдау 1 сәуір мен 1 тамыз аралығында жүреді. Енді ол тамыздан кейін де жалғаса беруі ықтимал.

Өйткені, бұған дейін бекітілген аяқталу уақыты алынып тасталмақ,

Сонымен қатар 10, 11, 12-ші сыныптарға оқушылардан құжат қабылдау мерзімі өзгереді.

«Оныншы, он бірінші, он екінші сыныптарға білім алушыларды қабылдау олардың жеке өтініші не ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің өтінішінің және негізгі орта білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжат негізінде жүзеге асырылады. Өтініш күнтізбелік жылдың 31 тамызына дейін қабылданады»,  деп жазылған Оқу-ағарту министрлігінің бұйрық жобасында.

Қазіргі ережеге сай, аталған сыныптарға балалардан құжат қабылдау 15 тамызда аяқталады. Енді оның уақыты 31 тамызға дейін ұзарады.

Құжат 3 қазанға дейін көпшілік талқысында болады.

Ш.АҢСАҒАНҚЫЗЫ

 

Жаңалықтармен бөлісу