Сапалы кадр саналы ұрпақтан шығады

Сапалы кадр саналы ұрпақтан шығады

Әдетте біз, мұғалімдер қауымы өзіміз қызмет етіп жүрген білім саласына қатысты жаңалық болмаса, үлкен мінберлерде айтылған сөздерге елеңдей бермейтініміз жасырын емес. Бірақ Жолдаудың жөні бөлек. Оны тыңдамау, үн қоспау – өзің өмір сүріп отырған қоғамнан тыс қалу деген сөз.

 

Мемлекет басшысының бұл Жолдауы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деп аталды.

«Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз. Президент жанындағы Омбудсмен тағайындалады», – деді Қ.Тоқаев.

Халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды да ұмыт қалдырған жоқ. Мәселен, 2020 жылдан бері мұғалімдердің еңбекақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің де табысы көбейтілді. Халыққа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға тарта адам осы бастаманың игілігін көрді. Тұрғын үй мәселесін шешіп, қоныс тойын тойлаған таныстарым қаншама.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық білім ошағы бой көтермек. Ауылдарда 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасының да берері мол болмақ.

Әлемде геосаяси жағдайдың шиеленісуіне қарамастан, Қазақстан экономикасының негізгі бағыттарында жетістіктер бары байқалады. Оны Жолдаудан да естіп білдік.

Жаңа бағыт-бағдарымыздың тірегі, басты нысаны – әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік. Мемлекет басшысы экономикалық дамудың жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, ресурстар,капитал, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделетінін атап өтті.

Президент сапалы кадр даярлау мәселесін жиі айтып келеді. Сапалы кадр саналы ұрпақтан шығады. Әсіресе, Жолдауда айтылғандай, өнеркәсіп саласына мықты мамандар қажет. Біз, мұғалімдер бұған қалай үлес қосамыз? Әрине, оқу үдерісін, әр сабақты нәтижелі өткізуге тырысуымыз керек. «Мен гуманитарлық пәннің мұғалімін, маған қатысы жоқ» деген болмайды. Дәріс кезінде елдің қазіргі бағыт-бағдарын балаларға түсіндіріп отыру да маңызды. Білім саласына аз көңіл бөлініп жатқан жоқ. Енді сол сенімді ақтап, тәрбиелі, білімді ұрпақ қалыптастыру – сіз бен біздің мойнымызда.

Әділетті Қазақстан құру үшін саяси-экономикалық реформа жасаудан бөлек, қоғамдық сананы да өзгерту маңызды. Оны Президенттің өзі айтып отыр. Демек, әрқайсымыздың санамызда «осы елді қайтсек гүлдендіреміз» деген ой, ұстаным мазалап тұруы керек.

«Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні осы. Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды», – деді Қ.Тоқаев.

 

Мақаламның түйіні осы болсын!

Айгүл ЕЛЕУСІЗОВА,

№4 ЖБББ мұғалімі

Жаңалықтармен бөлісу