Қазақстан футболының аңызы, кезінде «Тобыл» командасының үздік бомбардирі болған Нұрбол Жұмасқалиев туралы қысқаметражды «Long shot» фильм көрермендерге жол тартты. Жексенбі күні Қостанайдағы «Қазақстан» кинотеатрында туындының тұсаукесері өтті.
«Long shot» ағылшын тілінен «алыстан тебу» деп аударылады, яғни «биікке серпіліс», «алысқа ұмтылу» деген мағынаны білдіреді.
Фильмде Нұрбол Жұмасқалиевтің бала күні, футболға деген әуестігі, алғашқы жетістіктері әсерлі суреттелген.
Режиссері – қостанайлық Әнел Жұмабекова. Ол Нұрбол Жұмасқалиев туралы фильм түсіру идеясы осыдан бірер жыл бұрын пайда болғанын айтады.
«Былтырдан бері толық айналыса бастадым. «Тобыл» командасын 2021 жылы қалай чемпион болғаны туралы деректі фильмді түсіріп, YouTube-тегі арнама жүктеп қойдым. Кейін Нұрбол Жәрдемұлымен кездейсоқ кездестім. Оның өміріндегі қызықты оқиғалар мені қатты толғандырып тастады», – дейді ол.
Бұған дейін ешкім ол туралы фильм түсірмеген еді. Кейін Нұрболмен тағы сөйлесіп, оның балалық шақтағы қызық оқиғасын естіген Әнел қысқаметражды фильм түсіруді ұйғарды.
Ол биыл Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын үздік дипломмен аяқтады. Бұл фильм – жас режиссердің дипломдық жұмысы әрі режиссер ретіндегі тұңғыш туындысы. Сондай-ақ басты рөлдерде ойнаған Насыр Қазенов пен Аңсаған Тұрғынбайдың да дебюті.
«Болашақта белгілі бір ойлар мен идеяларды жеткізе алатын қызықты жобалар жасағым келеді. Бұл фильмге өзімнің жеке қаражатымды жұмсадым, кейбір жерлерде спорт басқармасының басшысы Мұрат Кеңтонов пен білім басқармасынан Сания Шәріповалар қолдау көрсетті. Сонымен бірге «Тобыл» ФК басшылығына да ризамын. Әрине, ата-әжем мен әке-шешемнің де қолдауын сезіндім», – дейді Әнел.
Тұсаукесер көрсетілімге басты кейіпкердің өзі құрметті қонақ ретінде шақырылды. Ол туындының өзіне ұнағанын айтып, оған қатысқан актерлерге рақметін айтты.
«Long shot» фильмі жақында YouTube арнасына жүктеледі.
Асыл ҚАСЫМ
Суретті түсірген Б.КӨРКЕМБАЕВ