Ғалым киікке байланысты мәселе туралы: “Егер ет сатуды бастамасақ, жайылымнан өлексе жинайтын халге жетеміз”

Ғалым киікке байланысты мәселе туралы: “Егер ет сатуды бастамасақ, жайылымнан өлексе жинайтын халге жетеміз”

Оралдық ғалым, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлы-техникалық университеттің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шамшидин Қазақстанда киік санының күрт өсу проблемасын шешу керек деп есептейді. Өйтпеген жағдайда елде әртүрлі инфекциялық және паразиттік аурулардың туындау қаупі бар. Ал далада күн суытқан мезгілде жануарлар өлексесінен аяқ алып жүргісіз халге жетуіміз мүмкін. Бұл туралы BaigeNews.kz жазады.

Ғалымның айтуынша, фермерлер соңғы уақытта жиі шағым айта бастаған ауыл шаруашылығы аумақтарын киіктерден қалқалап, толық қоршап шығу мүмкін емес. Ең ұтымды шешім – киіктер санын ретке келтіру. Мұнымен Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті айналысуы тиіс.

“Киіктің қазіргі саны 2,5 млн басқа жететін оралдық популяциясы бір ғана облыс аумағында жайылып жүр. Мұндағы фермерлер дабыл қағу үстінде, митингке шығамыз деп оқталып отыр. Киіктер ауыл шаруашылығы жануарларына тиесілі жем-шөпті таптап, егінді бүлдіруде. Оларды тоқтату мүмкін емес”, – дейді ғалым.

Алайда, Шамшидиннің пікірінше, шаруалар шығыны – мәселенің бір парасы ғана. Ең басты қауіп – киіктердің шамадан тыс көбейіп кетуі.

“Жануарлар аумақта тым тығыз бола түссе, әр түрлі аурулардың – паразиттік, жұқпалы кеселдердің өршуі міндетті түрде пайда болады. Сондықтан ғалымдар дабыл қағуда. Бұл аурулар адамға жұғуы ықтимал. Қазір олар Батыс Қазақстан облысының ауылдарында жайылып жүр. Олар көптеген аурудың тасымалдаушысы болып саналады. Ия, барлығы ақбөкендердің қорғалғанын жақсы көреді, бірақ олардың санын реттеу керек”, – деп сендірді ғалым.

Ол ақбөкендердің қалыпты санын қалдыруды ұсынады, қалғанын азық ретіңде тұтыну үшін жою керек.

“Неге халықтың игілігі үшін пайдаланбасқа, арзан органикалық ет ешкімге зиян тигізбейді. Мемлекет ақбөкендерді сою үшін ет комбинаттарын дайындауы керек. Жақсы шұжықтар, жеңіл тағамдарды ақбөкен етінен жасауға болады. Кеңес заманындағыдай қаңқаларды, жартылай ұшаларды сатуға болады. Ол кезде бағасы арзан ет сол болды”, – дейді ол.

Ғалым егер ақбөкендердің популяциясын реттеу туралы шешім уақытында қабылданбаса, онда осы күзде жануарлардың жаппай қырылуына куә болатынымызды айтып отыр.

“Егер біз дүкендерде ет сатуды бастамасақ, жайылымдардан өлексе терумен әуре боламыз. Өйткені осы жыл құрғақ болды, шөп жоқ. Ақбөкендер аштықтан өледі. Қара суықың өзі 1 қарашадан басталады, табиғат алғашқы суықпен-ақ ақбөкендердің санын ретке келтіреді – жас жануарлар суықтан және аштықтан 100% қырылады. Тау-тау өлекселерді жиып-тергенше, еті халықтың қажетіне жарағаны жөн”, – деп түсіндірді Әлжан Шамшидин.

Оның айтуынша, барлық процесті мемлекет реттеуі керек, мемлекеттік орган киіктердің белгілі бір бөлігін жоюға рұқсат беруі тиіс, бұл браконьерлердің қымбат мүйіздерге деген қызығушылығын азайту үшін де жасалады, түскен ақша бюджетке құйылуы керек, жергілікті халықтың мүдделері міндетті түрде ескерілуі қажет.

Жаңалықтармен бөлісу