Қостанай ауданының жаңа әкімі азаматтарды қабылдады

Қостанай ауданының жаңа әкімі азаматтарды қабылдады

Тобыл қаласындағы «Алтын дән» мәдениет үйінде Қостанай ауданының әкімі Берік Таңжарықов Азаматтарды бірыңғай қабылдау күнін өткізді. Ол аудан тұрғындарының толғандырған мәселелеріне құлақ түріп, сауалдарына жауап берді.

Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын ілгерлету мақсатымен ұйымдастырылған қабылдауға аудан әкімі және жергілікті атқарушы орган басшылары қатысты.  Берік Оралұлы тілшілерге берген сұхбатында әкім болып тағайындалғанына он күннің ғана айналасы болғанын, сондықтан өңірдегі өзекті мәселелерді тұрғындар аузынан естуге шешім қабылдағанын айтты.

            «Осы іс-шара арқылы ауданымыздың өзекті мәселелеріне тереңірек үңілгім келеді. Басты бағыт – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, қажетті инфрақұрылыммен қамсыздандыру, өмір сүру сапасын жақсарту. Түске дейін-ақ жол, су, тұрғын үй және басқа да әлеуметтік қажеттіліктер төңірегіндегі мәселелерге құлақ түрдім. Мақсатымыз халықпен тығыз қарым-қатынас орнату болғандықтан, тұрғындарды түйткілді проблемаларды бірігіп шешуге белсенділікпен атсалысуға шақырамын. Маған және командама дұрыс бағытта жұмыс істеуіме қолдау көрсетіп отырса деймін», – дейді Б.Таңжарықов.

Билік өкілдеріне жүгінген тұрғындардың сауалдары сан алуан, көкейдегі түйткілдері түр-түрлі. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі жан Дүйсенғали Оспанов өзі тәрізді ерекше қажеттілігі бар жандардың тасымалы.

            «Мүгедек жандар тасымалымен айналысып жүргеніме 6 жыл болды. Өз басымда екі көлігім бар. Бірақ 90-шы жылғы тозығы жеткен ескі машиналар. Қашықтығы 100 шақырымға дейінгі ауылдар бар. Сол елді мекендерден мүгедек жандарды емханаға әкелу және басқа да шаруаларға кейде жарамсыз болып қалып жатады. Оның үстіне, жол қиындықтары тағы бар. Мысалы, Шишкин ауылының жолы ең нашар күйде. Соған қарамастан, қысы-жазы қатынаймыз. Жалпы, халық үлесі көп ауданбыз ғой, мүгедек адамдар саны да аз емес. Сәйкесінше, барыс-келіс те көп. Сондықтан жаңа инватаксиге қолымыз жетсе деген тілегіміз бар», – деді Д.Оспанов.

Ол қозғаған екінші жайт – ауданда мүмкіндігі шектеулі жандарды компьютер тіліне үйрету. Бұл кісінің өзінде жиырма шақты компьютер бар екен. Енді сол құрылғыларды орналастыратын, мүгедек жандардың емін-еркін келіп-кетіп, оқып-үйренуіне ыңғайлы ғимарат қажет болып отыр.

            «Қазір мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыспен қамтылуы үшін компьютер білуі керек. Бұл тұрмыс жағдайы төмен азаматтар үшін де қажет нәрсе. Сондықтан таяу келешекте бізге арнайы орын, бөлме берілсе жақсы болар еді. Оларға компьютерді жеке қажеттіліктеріне қолдануды, эектронды қызметтер алуды үйретер едік», – дейді ол.

«Жаңа инватакси сатып алу мәселесі жөнінде ақылдасамыз. Негізі, ретін табуға болатын дүние деп есептейміз. Қазірден-ақ екі-үш нұсқасын қарастырып отырмыз. Нақты қандай шешімге келгеніміз жөнінде сізге хабарын береміз. Ал, енді, компьютер үйрету орталығы үшін орын табуға болады. Мұны аса күрделі мәселе деп ойламаймыз», – деп жауап берді Берік Оралұлы.

Ал ТЖМ өрт сөндіру бөлімінде қызмет ететін Жандос Найзабеков бір топ әріптестерінің атынан баспана жайын мәселе етіп көтере келіпті. Ол «Қостанай жастары» бағдарламасына қатысып, құжаттары қабылданбай, орта жолдан қайтқан.

            «Маған «өтпейсің» деді. Себебі тіркеудегі мекенжай мен жұмыс орны сәйкес келуі керек екен. Ал мен Тобылдан Қостанайға қатынап жұмыс істеймін. Мұнда пәтер жалдап тұрамын. Шыны керек, мен секілді 90 пайыз адамның тұратын жері мен жұмыс орны екі бөлек. Жергілікті бағдарлама болғандықтан, бұл кедергілерді айналып өтетін мүмкіндік тумас па екен?» – деп сұрады Жандос.

Аудан әкімі бұл бағдарламада нақты ТЖМ саласы қызметкерлеріне жеке мүмкіндіктер қарастырылған, онда көптеген нюанс ескерілгенін айтты. Ал тіркеу және жұмыс орнының екіұштылығы қайта қаралуы қажет деген пікірде.

            «Бағдарламаны облыстық мәслихат бекітті. Әкімшісі – Ішкі саясат басқармасы, Жастар саясаты бөлімі. Негізі, өзгерістер енгізу бастамасын көретіп, осы мәселенің біржақты етілуіне қозғау сала аламын. Өз басым тұрғылықты мекенжай бойынша құжат қабылдаған жөн болады деп ойлаймын. Ұсыныс жолдап көреміз», – деді әкім.

Аудан әкімінің алдына әр ауылдан арнайы келген өзге де тұрғындар арыз-тілектерін айтып жатты. Әкімдікке қарасты бөлімдердің басшыларына жолыққан азаматтар да аз емес. Таңғы 10-да басталған іс-шара кешкі 18.00-ге дейін жалғасты. Берік Таңжарықов азаматтарды тоқсан сайын, реті келсе, айына бір рет қабылдауды жоспарлап отыр.

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу