Арқалық қаласы бойынша 2023 жылдың маусым айының орта шенінде Жалғызтал ауылы, Аққошқар және Қайыңды ауылдық округтерінде ақбөкендердің мекендейтін жерлері байқалды. Бұл – жайылымдық жерлер мен егістік алқаптарының шамамен 10,564 мың гектарын құрады. Оның ішінде Жалғызтал ауылында егіс алқабы – 3850 га, Ашутасты ауылдық округінде – 600 га және Қайыңды ауылдық округінде 200 га өріс.
Барлығы 4 650 мың га жайылымдық және егістік алқаптарына ішінара зиян келген.
«Биыл киік деген алқапта 5-10 мыңдап жүрді. Жалғыз адамның қолынан ештеңе келмейді. Терісаққан бағытындағы шаруалар бірігіп, егістік жерімізді қоруымызға тура келді. Күндіз-түні киік қуумен болдық. Қазір уақыты өтіп кетті. Кезінде жанайқайымыз естілмеді десе де болады.
Киік егінді балғын кезінде жейді. Алқаптың басында жатып күзеттік. Әрі айдап, бері айдап тіпті не істерімізді білмедік. «Охотзомпромды» тарттық. Мал емес айдап шығатын,айналып қайта келеді. Қала әкімдігінен ынталы топ құрылып, киіктен, шегірткеден зардап шеккен алқаптарда акт жасалып, фото, бейне айғақтар жинақталды.
Киіктің көбіне жегенінен бүлдіргені көп. Жұмсақ болғасын аунап, басып, таптайды. Біздің 800 гектар егініміздің 200 гектары шығынға ұшырады. Бұрын осындайды бақылап, қарап жүретін қарауыл болатын. Қазір бәрі жекеменшік болғандықтан, ол жұмысты өзіміз атқарамыз. Тәжірибемізде мұндай оқиға кездеспеген. Киіктің төлдеп келетін бағыты Торғайдан басталып, өзінің ауанымен Қорғалжың аумағына өтіп кететін. Бір жағы жаңа теміржол салғаннан кейін өте алмай жатыр ма деп ойлаймыз.
Енді, күннің ыстығынан, шегірткенің жегенінен, киіктің таптағанынан қалған егінімізді жинап алуға толассыз жауған жауын кедергісін келтіруде. Егініміз шіріп, ысырап бола ма деп қауіптенеміз. Үкіметтен көмек болмаса сіңіріне әрең ілігіп жүрген шаруа қожалықтары жабылып қалу қаупінде тұр. Қаржылай қиындыққа ұшырайтын түріміз бар. Бәріміздің де үкімет тарапынан берілетін несиенің арқасында жұмыс жүргізіп жатқанымыз шындық. Сондықтан, мемлекет осыған көңіл бөледі деп сенеміз», – дейді «Сейтжанов ЖК» шаруа қожалығының басшысы Ерден Социалұлы.
Мұрат Жүнісұлы
Суретті түсірген автор
Арқалық