Аманкелді ауданы орталығында “Батырдың биік тұлғасы” атты ғылыми конференция өтті. Тағылымды жиынға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, ҚР Парламентінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, сардардың ұрпақтары, туған-туыстары мен аудан тұрғындары қатысты.
Конференцияны тарих ғылымының докторы, профессор, Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл жүргізіп отырды. Мерейтойға орай Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы құттықтау лебіздерін жолдап, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
“Аманкелді батыр – отаршылдық саясатқа қарсылық танытып, халқының бостандығы үшін басын бәйгеге тіккен тұлға. Әсіресе, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде ерекше ұйымдастырушылық пен қосбасшылық қабілетімен танылды. Халқымыздың қамын жеп өткен азаматтарымыздың есімін ұмытпай, ұлт санасында жаңғыртып отыру – баршамызға ортақ міндет”, – деп жазылған М.Әшімбаевтың құттықтауында.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында күресті. Талай зұлмат заманды бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс», – деген еді. Мемлекет басшысының осы сөзін тілге тиек еткен облыс әкімі батырдың әділдік жолындағы күресін атап өтті.
“Қазақ халқы – әрдайым адалдықты, әділетті талап ететін халық. Аманкелді батыр әділдік жолында күресіп, қарапайым халықтың қамын ойлады. Сол кезеңде үстемдік еткен биліктің, ескерген саясатына қарсы шыға отырып, қоғамдық сананың өсуіне ықпал етті. Жалпы қазақ тарихында батырлар демократиялық принциптерді қалыптастыруда зор роль атқарғаны белгілі. Арада қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы қатар жүрген, ауыр жылдар өтсе де, Аманкелді батырдың тұлғасы ұрпақ санасында мәңгілікке сақталған. Халық оны азаттық символы деп бағалайды”, – деді Құмар Ақсақалов.
Батырдың ұрпақтары ел үшін еңбек еткен абзал азаматтар болып елге танылды. Аманкелді ауданында ең алғаш газет редакторы болған жазушы Бақыт Имановты, Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан жас жазушы, батырдың баласы Рамазан Амангелдиевті, немересі – техника ғылымдарының кандидаты Батырлан Рамазанұлын атап өтуге болады.
Конференцияға қатысқан немересі батырды зерттеудің екінші кезеңі басталғанын, оған “бүгінгі дәуір тұрғысынан қарау керек” дегенді айтты.
Сенат депутаты Ғауез Нұрмұхамбетов, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, қоғам қайраткері Зиябек Қабылдинов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Берекет Кәрібаев, сондай-ақ Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Қазақ газеттері» бас директоры Дихан Қамзабекұлы сөз сөйлеп, А.Үдербайұлының сан қырына тоқталды.
Ел тарихын, жер тарихын зерттеп жүрген жас тарихшылар мен өлкетанушылар ұрпақтар сабақтастығының үзілмеуіне зор үлес қосып жүр. Конференция аясында Аманкелді Иманов атындағы мұражайдың директоры Сахан Төленов «Ұлты ұлықтаған батыр» атты туындысын таныстырды.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.