Білім ордасына Ахмет Бірімжановтың аты беріледі

Білім ордасына Ахмет Бірімжановтың аты беріледі

Бүгін білім ошақтары оқушылар үшін есігін айқара ашты. Солардың бірі қаламыздағы №115  орта мектебі биылғы оқу жылын екі бірдей жаңалығымен бастағалы отыр.  Жуырда аталған білім қара шаңырағына атақты Шеген бидің ұрпағы, алып тұлғалы заңгер Ахмет Бірімжановтың есімі беріледі.

Жастайынан зерек Ахмет Орынбор ерлер гимназиясын 1891 жылы күміс медальмен бітірсе, ал Қазан университетінің заң факультетін 1895 жылы алтын медальмен тәмәмдаған. Жоғарғы оқу орнын аяқтап, Орынбор округтік сотының кандидаты, одан кейін Торғай уезінің бітімші соты болып істеп жүргенде 1906-1907 жылдары Ресейдің 1-2 мемлекеттік Думасының мүшелігіне қатарынан екі рет Торғай облысы қазақтары атынан сайланады. 1906 жылы 2 шілдеде дума отырысында сөз сөйлеп, аграрлық комиссияға қазақ депутаттарын енгізуді ұсынады. Депутат А.Қалменев екеуі қазақ жерінде қоныс аударушыларды жерге орналастыру комиссияларының заңсыздықтары туралы жоғарғы үкімет билігіне сұрау салады.  Алайда Дума таратылып, бұл іс-әрекеттер нәтижесіз қалады. Дума мүшесі ретінде А.Бірімжановқа  қазақ өлкесінде қызмет істеуіне рұқсат етілмей, 1917 жылға дейін Бузулук қаласында сот тергеушісі болған.

Екінші бір жаңалық – орта мектеп қаламыздағы «Инновациялық» жобалар бойынша оқыту үлгісін қолға алған үшінші білім ордасына айналмақ. Демек, оқу бағдарламасындағы күрделі тақырыптарды оқыту мен  зертханалық-практикалық жұмыстарды жүргізу бойынша пәндік құзыреттілікті арттырган педагог қызметкерлердің үлесі көбеймек.  

«Педагогтердің ішкі және өзара пәндік байланысын жетілдіру мақсатында, белсенді кәсіби қауымдастықтар қалыптасады. Мектептегі тәрбие беру үрдісі ұлттық құндылықтарға негізделіп қайта жасақталады. Оқушылардың  қатары жыл санап артуда. Биыл бірінші сыныпқа алпыс бала қабылданды», – дейді мектеп директоры Кенжебек Шайхыбеков.

Міне, бүгін Гүлім Таңатқанқызы да баласы Ғаділді мектеп қабырғасына  алғаш білім алуға әкеліп отыр.

«Мен өскенде үлкен азамат болғым келеді, отанымды қорғаймын. Спортпен айналысамын», – дейді Ғаділ Жанарбекұлы.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

 

Жаңалықтармен бөлісу