Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады.
Жолдауда Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігін ерекше атап өтті. Ал мемлекеттік органдар кейде асыра сілтеп, бизнесті дамытуды тежейді.
“Сондықтан экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажет. Бұл жерде сөз кәсіпкерлерге және олардың экономикалық теріс әрекетке қатысты істер туралы болып отыр. Салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын шекті анықтайтын әділ механизм енгізу қажет”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент құқық қорғау органдарына да ескерту жасады:
“Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ, соған қарамастан, әлі де жалғасып жатқанын білемін. Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылып жатады, тіпті, олар жалған болуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл – назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе”, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Осындай қолдаудан кейін кәсіпкерлер барын салып жұмыс істеуге міндетті. Заңмен қорғалған бизнес қоғамға барлық жағынан пайдалы болуға тиіс.
Сондай-ақ, ел Президенті жуық арада еліміздің бизнес өкілдерімен арнайы кездесетінін де жеткізді. Бетпе-бет әңгімеде мәселелер ашық айтылып, үкіметке бірқатар міндет жүктеледі деп ойлаймын.
Жоғарыда айтылған жаңалықтар кәсіпкер ретінде менің де көңілімнен шықты. Парасатты пайымын ортаға салған Президентіміз әрдайым кәсіпкерлерді қолдайтынын, бизнесті қорғайтынын және жалпы халықпен бірге екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Нұрсұлтан ТҰРСЫНОВ,
«Олжа Агро» ЖШС өңіраралық директоры