Офицерлер погонына ұлттық нақыш енгізген генерал

Офицерлер погонына ұлттық нақыш енгізген генерал

Танымал әскери қайраткер, генерал-майор Дамир Қасымбекұлы Халықов – төл әскеріміздің бастауында тұрған тұлға. Біз оны еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде алғашқы күннен алдыңғы шепте тер төккен ұлтжанды азамат ретінде білеміз.

Генерал-майор Дамир Халықов 1958 жылы 31 тамызда Қостанай қаласында әскери қызметшінің отбасында дүниеге келген. Әкесі Қасымбек ақсақал – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер. Бүгінде зайыбы Разипа Мұхамеджанқызы екеуінің бауырынан өрбіген бес баланың екеуі генерал. Кіші бауыры Әмір – генерал-лейтенант. Бүгінде Қорғаныс министрлігінің Бас инспекциясына басшылық жасайды.

Баба қазақтың «Терек те текті жерде өседі» деген сөзі бекер айтылмаса керек. Дамир Қасымбекұлы – еліне сөзін өткізген Сарыбай би Айдосұлының тікелей ұрпағы. Мұны тағдырдың айрықша таланы деуге болатын шығар.

Тарихи деректерде Сарыбай бидің 1821 жылы қазіргі Алматы облысы Ұзынағаш өзенінің бойындағы Қостөбе деген жерде дүниеге келгені туралы айтылады. Ол – өз заманының әділетті биі, әріұрыста сарбаздарға дем бере білген ержүрек батыр.

Сарыбай би 15 жасынан бастап қоқандықтарға қарсы ұлт-азаттық күресіне қатысқан. Ұзынағаштан Ташкентке дейінгі аралықтағы Қоқан қамалдарын алып, қалың елді езгі мен зорлық-зомбылықтан азат еткен жаужүрек қолбасшы.

Сүйінбай ақын:

Көсемім – Сарыбайым ел құраған,

Заманның дөңгелегін тең бұраған.

Халқымнан бір дана адам шықса деп ем,

Құдайым тілегімді берді маған! – деп жырлаған.

Бүгінде Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қарасу ауылдық округінің әкімшілік орталығы Сарыбай бидің атымен аталады.

Ал кейіпкеріміздің әкесі Қасымбек Халықұлы – елінің данасы, халқының панасы болған осы Сарыбай бидің шөбересі. «Тегінде бар теппей тұрмайды» деген рас екен.1943 жылы 18 жасында майданға алынған ол 1-ші, 2-ші Беларусь майдандарының құрамында жан алып-жан беріскен ұрыстарға қатысып, ерлік көрсеткен. Майдан жолын атқыш болып бастап,кейіннен бөлімше мен взводқа басшылық жасаған.

Соғыстан кейінгі саналы ғұмырының 30 жылын әскери салаға арнаған азамат Кеңес Одағының бірнеше әскери бөлімінде абыройлы қызмет атқарды. 1956 жылдан бастап, полковник шенінде зейнет демалысына шыққан 1973 жылға дейін еліміздегі бірқатар жергілікті әскери басқару органдарында басшылық қызметте болды. Бірнеше жауынгерлік орден-медальдармен марапатталған. 2008 жылы 83 жасында дүниеден өтті. Алматы облысындағы Жамбыл ауданына қарасты Шолаққарғалы ауылдық округінің бір ауылы Қасымбек ақсақалдың атымен аталады.

Отан үшін от кешкен майдангердің отбасында дүниеге келген тұңғыш бала Дамирдің де әскери мамандықты таңдауы бекер емес еді. Есін білгелі әскери адам болуды армандап өскен ол 1973 жылы Свердловск қаласындағы Суворов әскери училищесінің табалдырығын аттады. Бір орынға 12 үміткер бағын сынаған емтихандар бала Дамирге оңай бола қойған жоқ. Әйтсе де «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген емес пе, көзінде оты бар қазақтың қара домалағына ештеңе кедергі болмады. Қайта орыстың оқалы офицерлері де кеңпейілдік танытып, қолдау көрсетті.

Суворов училищесі елгезек ұл үшін шынайы «өмір мектебіне» айналды десе болады. Училище қабырғасында буыны бекіп, қанаты қатайды. Білім көкжиегін кеңейтті. «Әскери аудармашылар» курсына қатысып, неміс тілін еркін меңгеріп алды. Онысы кейін Германияда қызмет еткен жылдары кәдеге жараған.

Суворов мектебін жақсы бітірген ол 1975 жылы Челябі жоғары әскери танк училищесіне оқуға түсті. Сол тұста дәл осы училище Т-72 танктерін пайдаланатын алғашқы мамандарды дайындап жатқан болатын. Осы жерде Дамир Халықовтың жаңа үлгідегі жауынгерлік машиналармен жұмыс істеуді игерген алғашқы офицерлердің бірі болғанын айта кету керек.

1979 жылы Челябі жоғары әскери танк училищесін тәмәмдаған болашақ генералдың офицерлік қызметі Беларусь әскери округіндегі танк дивизиясында танк взводының командирі лауазымында басталды.

Бұл жерде әскери қызметінен бөлек мәдени, спорттық және бұқаралық-спорттық іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстары жас лейтенантқа тікелей жүктелді. Ұйымдастырып қана қойған жоқ, өзінің де жеңін түріп, белін буып додаға қойып кететін кездері аз емес еді. Бала күнінен спортты жанына серік еткен ол дзюдо мен самбодан өткен жарыстарда бірнеше мәрте жүлдегер де атанды.

Өмір бір орнында тұрған ба, офицерлік қызметте төрт жыл төселген Дамир Қасымбекұлы 1983 жылғы сәуір айында ала бағанның ар жағындағы Ауғанстан Демократиялық Республикасына интернационалдық борышын өтеуге аттанды. Бұл соғыстың нағыз қызып жатқан шағы болатын. Олардың әскери бөлімі Ауғанстанның батыс бөлігіндегі «өлім алқабы» атанған Герат провинциясының Шинданд қаласын қорғап тұрды.

Ол Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингентінде 5-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясына қарасты 24-гвардиялық мотоатқыштар полкінде танк ротасының командирі, танк батальонының штаб бастығы, полктың барлау бастығы болып қызмет етті. Оқ пен оттың ортасында жүріп, бірнеше ұрыс қимылдарына қатысты. Өз өмірін қатерге тіккен кездері аз емес. Сегіз айдан соң жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде көрсеткенерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған санаулы офицердің бірі болды.

Полктің барлау бастығы болып жүрген кезінде Дамир Халықов сан мәрте тауда, әскери бөлімнен 340 шақырым қашықтықта торуыл жасап,дұшпанның қару-жарақ керуенінжою операцияларын ұйымдастыруды сәтті жоспарлады.

Дамир Қасымбекұлы Одаққа оралған 1985 жылы Кеңес Одағының маршалы Р.Я. Малиновский атындағы броньды танк әскерлерінің әскери академиясына түсуге шешім қабылдады. 1988 жылы аталған оқу орнын сәтті бітіріп шықты.

1988-1991 жылдары Германиядағы Кеңес әскерлері тобында танк батальонының командирі, полк штаб бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. Одан кейін 1991-1992 жылдары Солтүстік Кавказ әскери округінде полк командирінің орынбасары болып қызмет етті.

Еліміз тәуелсіздігін жариялап, қазақ жұрты өз алдына дербес мемлекет болған тұста ұлтжанды азамат бар білімі мен тәжірибесін Қарулы күштердің дамуына арнауға бел буды. 1992 жылы туған елге оралып, төл әскеріміздің қаз тұрып, қадам басуы жолында аянбай тер төкті.

Дамир Қасымбекұлының Қазақстан Қарулы күштеріндегі полк командирінің орынбасарынан басталған қызмет жолы сан салалы. Отардағы «Үлкен пехота» аталған жеке құрамы екі жарым мың адамнан тұратын полкты басқарды.Дивизия, Армия корпустары мен «Оңтүстік» әскери округінде басшылық қызметтерде болды. Қорғаныс министрлігі Жауынгерлік дайындық департаментінің бастығы, Қорғаныс министрінің тыл жөніндегі орынбасары – Тыл департаментінің бастығы лауазымдарын абыроймен атқарды.

Дамир Халықов Жауынгерлік дайындық департаментін басқарған жылдары полигондарда қарудан ату мен ұрыс машиналарын жүргізуде өзінің машық-дағдыларын көрсетіп, жеке құрамға үлгі бола білді. Бұған қоса сол тұста әскери полигондардағы қордаланып қалған проблемаларда оң шешімін тауып жатты.

Қорғаныс министрінің тыл жөніндегі орынбасары болған кезеңде әскерлерді азық-түлік және киім-кешекпен жабдықтау, сондай-ақ өрт сөндіру және ветеринариялық қызметтер сияқты кешенді тылдық қамтамасыз ету мәселелеріне жауапты болды.

Бұдан бөлек, генерал Халықовтың қазақ әскерінің жаңа киім үлгісін әзірлеуде де өз қолтаңбасын қалдырғанын бөліп айтуға болады. Дамир Қасымбекұлының ұсынысымен Қазақстан Қарулы күштері офицерлерінің погоны ұлттық нақыштағы оюмен көмкерілгенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.

2001 жылғы 7 мамырда Дамир Халықовқа«генерал-майор» жоғары әскери атағы берілді. Сол жылы Ресей Федерациясы Қарулы күштері Бас штабының Әскери академиясын үздік, әрі алтын медальға бітіріп шықты.

2003-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бас әскери инспекциясында генерал-инспектор, Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары қызметтерінде тер төкті.

2005 жылы Төтенше жағдайлар министрлігіне қызмет ауыстырып, 2011 жылға дейін Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып жемісті еңбек етті.

2017-2019 жылдары Ұлттық қорғаныс университеті бастығының орынбасары қызметінде болып, Қарулы күштер Бас штабы академиясына басшылық жасады.

Генерал-майор Дамир Халықов II дәрежелі «Данқ», «Қызыл Жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Әулие князь Александр Невский» ордендерімен және Кеңес Одағы мен Қазақстан Республикасының бірнеше медалімен марапатталған.

Жүрегінің қалауымен Отан қорғаушы мамандығын таңдаған Дамир Қасымбекұлы Халықовтың өмір жолына қарасаң, лейтенанттан генерал-майорға, взвод командирінен министрдің орынбасарына дейін абыроймен жүріп өткен жауапкершілікке толы қызмет жолын байқауға болады.

Дамир Қасымбекұлы отыздан астам ғылыми еңбектің авторы. Оның ішінде статьялар, монографиялар, оқу құралдары мен инновациялық патенттер бар.

2001 жылы Тараз мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, сондай-ақ Алматы гуманитарлық-техникалық университетін «Кәсіпорындағы инженер-экономист» мамандығы бойынша бітірді. Техника ғылымдарының кандидаты. Есімі «Қазақстан әскери ғалымдарының 100 есімі» кітабына енген.

Бүгінде генерал Халықовтың «Опыт войны в Афганистане: уроки для оперативного исскуства и тактики», «Военные технологий ХХІ века», «Некоторые взгляды на военные и вооруженные конфликты будущего», «Прогнозирование и моделирование военных конфликтов», «Методика прогнозирование и моделирование военных конфликтов» монографиялары офицерлер үшін оқу құралына айналған.

Өмірлік серігі Айгүл Айтбайқызымен бірге үш бала тәрбиелеп өсірді. Олардан бес немересүйіпотыр.

Атқа мінгеннің бәрі азаматтық жүгін абыроймен алып жүре алмайды. Ол үшін айқын мақсат, жігерлі жүрек, берік бағдар болуы тиіс. Ал Дамир Қасымбекұлы – абырой биігі аласармаған азамат.

Ел әскерінің қалыптасуы мен дамуына қомақты үлес қосқан әскери қайраткердің өнегеге толы өмір жолы генералдар мен офицерлердің бүгінгі буынына үлгі болып қала беретініне сенімдіміз.

Мұхарбек ЖӘКЕЙҰЛЫ,
әскери журналист

Жаңалықтармен бөлісу