Бейбіт те бақуатты өмірімізді қамтамасыз ететін Ата Заңды сыйлау – әр азаматтың айнымас борышы. Конституция күнін мерекелеудің мәні осында екенін ұққан халық Қостанайдағы жастар сарайына ағылды. Онда облыстық филармония оркестрлері мен солистері танымал композиторлардың әндерін орындады. Оған Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының «ALEM» заманауи хореография балетінің солистері тамаша қосыла кетті.
Күйші-композитор, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәулескер домбырашы Секен Тұрысбек күмбірлете күй шертті.
Жиналған жұрт Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейір Байнештің, халықаралық байқаулардың лауреаты, әнші Әйгерім Алтынбектің, Балалар музыкалық мектебінің «Violin Dosstar» скрипкашылар ансамблі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Серік Еркімбековтің, Республикалық және Халықаралық байқаулардың лауреаты Артем Лебедевтің өнерлеріне тәнті болды. АҚШ, Лос-Анджелес қаласында өткен сахналық өнерден әлем чемпионатының Гран-при иегерлері, «SENSITIVE» би тобі мың бұрала би биледі. Белгілі опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Азамат Жылтыркөзов патриоттық әндерін көрермен назарына ұсынды. Оңтүстік Кореядан келген белгілі музыкант Song Wonsub, эстрада жұлдызы Ибрагим Ескендір, Қостанай облыстық І. Омаров ат. қазақ драма театрының әртістері, Қостанай облыстық орыс драмалық театрының әртістері, т.б. өнер көрсетті.
Салтанатты жиында облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңір тұрғындарын Конституция күнімен құттықтады.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев