Жітіқаралықтар қала күнін тойлады

Жітіқаралықтар қала күнін тойлады

Жітіқара ауданындағы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің стадионы жаңғыртудан өтті. Нысанға “Жігер” атауы беріліп, Жітіқара ауданының 95 жылдығына орай жергілікті спортсүйер қауымға үлкен сый болды. Стадионның таспасы дәл қала күні кесілді. Ашылу салтанатына алысты-жақыннан арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

 

Жаңғыртудан кейін

            Айта кету керек, әлеуметтік жобаларды іске асыру жұмысы шеңберінде “Комаров тау-кен кәсіпорны” ЖШС жобаға 158 млн теңге бөліп, қаржылай қолдау білдірген. Қайта құру сәтті жүзеге асырылып, стадионда футбол және жеңіл атлетикамен айналысуға мүмкіндік туды. Бір жолғы сыйымдылығы 66 адамға дейін.

Стадионның ашылу салтанатында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов жітіқаралықтарды ауданның 95 жылдығы және қала күнімен құттықтап, өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың құттықтау хатын оқып берді.

            – Тарихи кезең ішінде аудан үлкен табыстарға қол жеткізіп, түрлі сынақтар мен қиындықтарды  бастан кешірді. Бүгінгі таңда өңір жаңа келбетке ие болып, болашаққа батыл жоспар құруда. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар  жүргізіліп жатыр. Мемлекет өңірдің инфрақұрылымдық дамуына, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға зор көңіл бөліп келеді. Ауданда білім, денсаулық сақтау және мәдениет пен спорт нысандарын салумен жөндеу, елді мекендерді абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде, – деді Арман Әбенов.

Аудан басшысы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне музыкалық аппаратура сыйға тартты.

            – Демеушілерге алғысымыз шексіз. Өйткені, стадионның жай-күйі бәрімізге белгілі еді. Жас спортшыларға қолдау білдіріп жатыр. Биылдан бастап ауқымды футбол ойындары осы стадионда өтетін болады. Өзге де спорт түрімен айналысуға мүмкіндік бар, – дейді БЖСМ директоры Әлібек Мұқанов.

Осы жылы Жітіқара ауданында “Қазақстан халқына” Қоғамдық Қорының қаражаты есебінен ангар үлгісіндегі жылдам салынатын модульдік спорт залын салу жоспарлануда. Сол күні стадион салтанатты ашылғаннан кейін жоғарыда аталған дене шынықтыру кешенінің құрылысы басталып, алғашқы кірпіш қаланды.

Жітіқара – ғалымдар көзімен

            Айтулы мерекеге орай ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиында аудандық ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы Г.Жаппарова, геология-минералогия ғылымдарының докторы, халықаралық инженерлік академиясының және ҚР Ұлттық Инженерлік Академиясының академигі Н.Джафаров, №1 негізгі орта мектебінің тарих және география пәнінің мұғалімі, Жастар ресурстық орталығының басшысы Ділда Хайрат баяндама жасады.

            – Жітіқара ауданының аумағынан геолог мамандар жүзден астам пайдалы қазбалар көзін анықтады. Олардың ішінде ең ерекше орны алатыны – асбест, алтын, кобальт және никель, сирек кездесетін жер металдары, титан, алюминий, темір, құрылыс материалдары және өзгелері. Қазіргі уақытта ауданның барлық аумағында инвесторлар шоғырланған. Жартысынан көбі алтын өндіреді. Өңірде хризотил мен асбест өндіру 1965 жылдан басталды. Кен байыту жөнінен әлемде 3 орын алады. Хризотил қоры 25 млн тоннадан асады. Сондай-ақ, нефрит және түрлі-түсті тас кен орны бар. Ол тастар қолөнермен айналысып, кәдесыйлар жасауға жарамды. “Қостанай минералдары” АҚ тау-кен байыту кәсіпорны өндіретін қазба байлықтар алдағы 1 ғасырға толық жетеді, – деп атап өтті ғалым Н.Джафаров.

Конференция барысында қазақтың көрнекті ақыны, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист Ақылбек Қожаұлы Шаяхметтің туған жеріне арнап жазған кітабының таныстырылымы болды. Кітап “Жітіқара: Тарих. Оқиғалар. Халық” деп аталады. Кітап Жітіқара ауданының әкімі Нұржан Өтегеновтің тікелей қолдауымен, “Қостанай минералдары” АҚ демеушілігімен жарыққа шықты.

            – Жарыққа шыққан кітап 10 жыл бұрын жазылған. Бірақ, қаржы тапшылығына байналысты шықпай қалды. Қазіргі аудан әкімі Нұржан бауырымның қолдауымен, “Қостанай минералдары” АҚ басшысы Ербол Нұрғожаевтің демеуімен шығып отыр. Алғы сөзін облыс әкімі Құмар Ақсақалов жазды. Кітапта тарихқа көп назар аудардым. Еңбегі сіңген жерлестерді қалдырмай қамтуға тырыстым, – деді А.Шаяхмет.

 

Тойы – тойға ұласқан

Салтанатты ашылудан кейін Жітіқара ауданы мен Бейімбет Майлин атындағы аудан құрамалары арасында жолдастық кездесу өтті. Екі команда жаңа футбол алаңын сынап көрді және бизнесте өздерін көрсетті. Матч қорытындысы бойынша алаң иелері 6-1 есебімен жеңіске жетті.

Түстен кейін балалар стадионды аула клубтары арасындағы футбол жарыстарымен жаңартты

Күннің бағдарламасы барлық жастағы жітіқаралықтарға арналған. Балалар үшін “Әнші балапан–2023” балалар вокалдық байқауы; асфальттағы балалар суреттері байқауы; “Чудомобиль–2023″Балалар көлігі шеруі ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, “Jitiqara arena” ФОК абсолютті салмақ дәрежесінде қазақ күресі бойынша жарыстар өтті.

Қала тұрғындары мен қонақтары “Қазақ күресін” тамашалап, “Аламан бәйгеге” куә болды. Ат жарысы үш кезең, яғни, “Құнан бәйге”, “Топ бәйге” және “Аламан бәйге” бойынша өткізілді.

Жарыста Қостанай облысынан бөлек, Ақтөбе мен Атырау облысынан келген сәйгүліктер бақ сынады. Қай-қайсының да жүлде қоры қомақты болды. Аламан бәйгеде 16 шақырым бойына шашашына шаң жұқтырмай шауып келген Қамысты ауданынан келген сәйгіліктің иесіне 2 млн теңге сыйақы берілді.

Қазақ күресінен бауандар аса жоғары салмақ дәрежесіне таласты. Нәтижесінде жітіқаралық балуан белдесуден жеңіске етіп, 700 мың теңгені иеленді.

            – Финалға дейін үш кездесу өткіздім. Ақтық сында қарсыласым әдіс жасауға мүмкіндік бермеді, осал емес. Белдесуде айла-тәсілмен ұтып, жеңімпаз атандым, – дейді Қазақ күресінен спорт шебері Мереке Ырыздықов.

Орталық алаңға жиналғандар мәдени-әдеби іс-шараларға қатысып, ашық аспан астындағы көрмені тамашалады. Арнайы ретро-көліктер көрмеге қойылды. Мерекемен құттықтай келген Ресей елінің аудандары, қонсылас Лисаков қаласы, Денисов, Б.Майлин ауданы және жергілікті өнерпаздар ән салып, би билеп қала күнінің көрігін кіргізді.

Ауқымды іс-шаралар легі кешкісін Тәуелсіздік алаңында мерекелік концертпен жалғасын тапты. Аудан әкімі жітіқаралықтарды мерекемен құттықтап сөз сөйледі.

            – Жітіқара жері кие қонып, нар шөккен қасиетті өңір. Елдің, жердің атын шығаратын өңір азаматтары жасай берсін. Жітіқара жерінен Қанапия Ахметов, Зұлқарнай Сейітов сынды ғылым докторлары, мемлекет және қоғам қайраткерлері шықты. Өзге салада табысты еңбек еткен азаматтар баршылық. Нар тұлғаларды дүниеге әкелген Жітіқара ауданына билы 95 жыл толып отыр. Әр тұрғынның отбасына амандық, береке бірлік тілеймін. Ауданымыз көркейе берсін, – деді Нұржан Өтегенов.

Мерекелік кештің негізгі бөлігінде аудан әкімі өңірдің дамуына үлес қосып келе жатқан бірқатар еңбек майталмандарын облыс және аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Жиылғандар өнерпаздардың өнерін тамашалап, мерекелік отшашу көріп барып тарқасты.

Сералы МЫРЗАБАЙ

 

 

Жаңалықтармен бөлісу