Экспедиция мүшелері Ахмет Байтұрсынұлының туған жеріне сапар шекті

Экспедиция мүшелері Ахмет Байтұрсынұлының туған жеріне сапар шекті

Жуырда Рудный қалалық мәдениет бөлімінің әлеуметтік тапсырысымен «Қазақ тілі» қоғамының облыстық  және  Рудный қалалық филиалының ұйымдастыруымен бір топ экспедиция мүшелері Ахаң ауылына барып қайтты.

«Бізді әуелі қарт Торғайдың қатпарлы тарихын, өңірден шыққан өр тұлғалар өмірдерегін насихаттаушы Гүлбану Сәрсекей қарсы алды. Гүлбану Құлетқызы отыз жылға жуық Торғайдағы рухани ошақтарды тоқырауға ұшыратпай, музей ісін ілгері жүргізіп отыр екен. Алақандай ауданда Шақшақ Жәнібек, Алаш арыстары Ахмет пен Міржақып, Ыбырай, Әліби, халық ақыны Нұрхан атамыздың музейі бар. Былтыр жаңғырған Ахаң мен Жахаңның әдеби музейі ерекше әсер қалдырды. Экспедиция мүшелері мол мағлұмат, тың ақпарат алды. Әсіресе ғылыми жұмыс,мақала, эссе жазатын ұстаздар мен оқушылар қос арыстың асыл мұрасымен сусындап, кеуде кеңістігіне кемел ой түйді деп ойлаймын», – дейді “Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы” ҚБ Қостанай облыстық филиалының төрағасы Заңғар Санай.

 

Экспедицияның екінші күні Ахаң ауылына арналды. Қостанайдан, Рудныйдан барған экспедиция мүшелері алдымен ұлтты оятқан ұлы тұлғаның туған топырағына табан тіреп, ақ кесенесіне барды.

 

Аруағына құран бағыштап, рухына тағзым етті. Арыстың кіндік қаны тамған жерде бой көтерген музей-үйінде болды. «Мирас» аймақтық кеңесінін барған, жазушы Әбутәліп Әмір сол жерге  кітаптарын табыстады.

 

Ақкөлдегі Аңсаған Қоңқабаев атындағы білім ордасына да соқты.

 

 

«Орта мектепте тоқсан бала оқиды. Ұстаздар жағы  жеткілікті. Алыстан ат арытып келіп жатқан экспедиция мүшелеріне алғысымыз шексіз.  Экспедиция құрамындағы кісілер ұстаздарға туындыларын табыс етті», – дейді мектеп директоры Мейрамғали Қоңқабаев.

 

 

Ұйымдастырушылар көлік жағынан көмектескен «САРЫАРҚААВТОПРОМ» ЖШС-ға алғыс білдіреді. Енді экспедицияға барған мұғалімдер мен оқушылар ғылыми жұмыс, мақала, эссе жазуға кіріседі. Ең үздіктері алдағы қазан айында Рудный қаласында өтетін тіл форумында марапатталады.

Ахаң ауылына барып қайтқан жайсаңдарға  QYR BALASY қоғамдық қорының кітапханасынан  “ҰЛТТЫ ОЯТҚАН ҰЛЫ СӨЗДЕР” кітабы сыйға тартылды.

 

Жаңалықтармен бөлісу