Облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері Әзербайжан Республикасының азаматына қатысты істі қарауды аяқтады деп хабарлайды департамент өкілдері. Қазақстан Республикасында тұруға рұқсаты жоқ Әзербайжан Республикасының азаматы Астана қаласындағы Шанхай базарынан көп мөлшерде темекі өнімдерін сатып алып, оларды қымбатырақ сатпақ болған. Алдымен сатып алынған өнімді Атбасар қаласына, одан Қостанай қаласына әкелген. Сол жерде Қостанай облысы бойынша ЭТД-нің қызметкерлері күдіктіні ұстады.
Оқиға орнын тексеру барысында ЭТД-нің қызметкерлері еліміздің акциздік маркалары жоқ “ORIS”, “ZUMERRET”, “PRESTIGE”, “CRAVEN” фирмаларының 23 500 қорап мөлшерде темекі өнімін тәркілеген.
Мамандардың қорытындысына сәйкес, тәркіленген темекі өнімдерінің құны 15 275 000 теңгені құрайды.
Қостанай қаласы сотының үкімімен сотталушы ҚР ҚК 214-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және жазаны өтеудің барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгілей отырып, 1 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Сот үкімі негізінде акциздік маркалары жоқ 47 түрлі (23 500 қорап) темекі түріндегі заттай дәлелдемелері өртеу жолымен жойылды.