Жуырда Қостанайда жаңа үш мектеп бой көтереді

Жуырда Қостанайда жаңа үш мектеп бой көтереді

Облыста жаңа оқу жылына дайындық жүріп жатыр. Өңірде биыл алғаш рет 10 мыңға жуық оқушы бірінші сыныпқа барады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыста  48 мыңнан астам бастауыш сынып оқушысы тегін тамақпен қамтамасыз етілмек. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Қостанай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова мәлімдеді.

Биыл жалпы сомасы 6,2 млрд теңгеге 163 білім беру ұйымын жөндеу көзделген. Қазіргі  уақытта 1980 орынға шақталған үш жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Олар  облыс орталығында “Береке” шағын ауданында 980 орындық, “Қонай” шағын ауданында 900 орындық және Қостанай ауданының Еңбек ауылында 100 орындық. Пешков орта мектебінде күрделі жөндеу аяқталды, қалған мектептерде тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. 92 ұйымда ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасуда.

-Материалдық-техникалық базаны нығайтуға 1,8 млрд теңге бағытталды.  Бұдан басқа, “Қазақстан халқына” Қоғамдық Қоры, “инженерлік білім беруді дамыту” қоры және “Арман Инжиниринг” ЖШС “Болашақ инженерлер” ұлттық жобасының екінші бөлігін іске асыруды бастады. Жыл соңына дейін облыстың моноқалаларына 228 млн теңгеге 38 робототехника кабинетін ашу жоспарлануда, – деді Данагүл Сүйіндікова.

Оқулықтарды сатып алуға және тасымалдауға 1 млрд 124 млн теңгеге шарт жасалды. Жеткізу 25 тамызға дейін жүзеге асырылады.

–Осы жылдың 1 тамызында «Мектепке жол» республикалық акциясы басталды, оның аясында демеушілік қаражат есебінен мыңға жуық балаға көмек көрсетілді, осы бағыттағы жұмыс жалғасуда. Бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 1 млрд 813 млн теңге бөлінді. Облыс бойынша тамақтанудың орташа бағасы – 521 теңге, – деді спикер.

Білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі биыл жаңа форматта өтеді. Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі республикалық тамыз кеңесі “Әділетті Қазақстан: Сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт” тақырыбы бойынша білім беру саласындағы 20 өзекті тақырыптық бағыт бойынша «бір өңір-бір бағыт» форматында өткізу жоспарлануда.

–Еліміздің әр өңірінен келген делегациялар белгіленген бағыттар аясында басқа өңірлердегі кеңестерге қатысады. 24 тамызда секциялық отырыстар, 25 тамызда бірыңғай пленарлық сессия өтеді. Қостанай қаласында «Инклюзивті және арнайы білім беру» тақырыбы бойынша Республикалық кеңестің секциялық және пленарлық отырысы өтеді. Бірыңғай республикалық пленарлық сессия өз жұмысын 25 тамызда 20 өңірді тікелей қосып, Мемлекет басшысының құттықтауымен онлайн режимінде бастайды, – дейді  Д. Сүйіндікова.

Облыс әкімі Құмар  Ақсақаловтың төрағалығымен өтетін пленарлық отырыс аясында Оқу-ағарту, денсаулық сақтау министрлігі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстандағы БҰҰ Балалар Қоры өкілдерінің сөз сөйлеуі жоспарлануда. Осылайша, тамыз кеңесінде инклюзивті және арнайы білім беруді дамытудың барлық аспектілері қарастырылып, тиісті ұсыныстар жасалады.

Әсел ҚИБАШ

Жаңалықтармен бөлісу