Талантты жастар қала күнінде сөз бәйгесіне түсті

Талантты жастар қала күнінде сөз бәйгесіне түсті

Қала күніне орай облыстық Л.Толстой ғылыми әмбебап кітапханасы “Жыр тұнған жалын жүрек” атты поэтикалық баттл ұйымдастырылды.

 

“Іс-шараның өтіп келе жатқанына биыл екінші жыл. Біздің өңіріміз шығармашылыққа бейім жастарға кенде емес. Осы жастардың ішінен таланттарды іздеп тауып жарыққа шығару басты мақсатымыз. Қатысушылар арасында ақын да, жазушы да, журналист те, тіпті музыкант та бар”, – дейді кітапхана басшысы Дариға Дюсибаева.

 

Бірінші кезеңде үй тапсырмасы ретінде берілген Қостанай қаласы туралы өлеңдер оқылды. Екінші кезеңде жас таланттардың сөз саптауы, суырып салмалығы тексерілді. Ал соңғы түйіндеуші кезеңде олардың қала жайында білетін білімі қаншалықты деңгейде екендігі туралы арнайы әзірленген сұрақтар қойылды.

Жарысқа облысқа белгілі азаматтар “Ақ желкен” республикалық балалар мен жасөспірімдер журналының жауапты редакторы Асылан Тілеген, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Батырхан Жұмабеков, “Қостанай таңы” газеті бас редакторының орынбасары Аслан Қанғожин және ақын Жандос Жүсіпбек қазылық етті.

Келелі іс-шарадағы әділ қазылардың шешімі бойынша бірінші орын, яғни, гран-при Бақытжамал Кеңшілікке берілді.

— Бүгінгі байқау жалпы ақындықпен қоса шеберлікті шыңдайтын тартысты дода болды. Қолына қалам ұстап ақ параққа өлең жазып жүрген жас ақындардың байқауы бізге де біршама серпін бергендей. Өзім осындай поэзия байқауларына қатыспағалы 1 жылдың жүзі болып қалыпты. Шығармашылықтан қол үзіп қалған маған шыныменде қызығы мен алар тәжірбие көп болды. Байқау барысында мектеп оқушыларының да қарқыны осал еместігі аңғарылды. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, — дейді жеңімпаз ару.

Өзге қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тарту етілді. Берілген сыйлықтарға демеушілік жасаушы- “М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің” ректоры Сәбит Есмұратов.

 

Раушан АЗАМАТҚЫЗЫ

Жаңалықтармен бөлісу