Қауіпсіздік қашанда қадағалауда

Қауіпсіздік қашанда қадағалауда

Қостанай облысына жұмыс сапарымен келген ҚР ТЖМ вице-министрі Мереке Пішембаев халықпен кездесу өткізді. Жиын барысында саладағы жыл басынан бергі ахуал туралы баяндап, қостанайлықтардың сұрақтарына жауап берді.

ТЖМ басшылығы барлық өңірдегі халықпен кездесу өткізуді жалғастырып жатыр. Қостанайға дейін Астана, Алматы, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Абай облыстарында жиын ұйымдастырылған. Жергілікті депутаттардың, бизнес өкілдерінің, қоғам белсенділерінің қатысуымен саладағы сан алуан өзекті мәселе талқыға түскен. Тобыл өңірі жұртшылығына да елдегі және облыстағы хал-жайдан жан-жақты мәлімет берілді. Мәселен, өрт қауіпсіздігіне қатысты бірінші жартыжылдық деректері жария етілді.

 «Жыл басынан бері министрліктің кезекші қызметтеріне ұзын саны 3 млн-нан астам қоңырау түсіп, оларға жедел ден қою шаралары қабылданды, – дейді М.Пішембаев. – Өрт қаупінен 13 954 адам құтқарылған. Жалпы, алты айда елімізде 6 200 төтенше жағдай тіркелді, өсім 7 пайызға көбейіп отыр. Дегенмен, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, қаза тапқандар саны 8,4 пайыз азайды».

Вице-министр келтірген деректерге сенсек, орман өрті 26 пайызға кеміп, дала өрттері екі есеге төмендеген. Ал Қостанай облысында алғашқы жартыжылдықта 445 өрт оқиғасы тіркеліпті. Отыз шақты орман өрті болып, дер кезінде қауіптің алды алынған. Өңірде қауіпсіздік шаралары да жүйелі жүргізіліп жатыр.

 «Биыл қосымша 143 елді мекеннің қорғалуын қамтамасыз ететін 43 өрт сөндіру бекеті және бес жүзден астам ерікті құрылымдар құрылды. Лесной және Александров ауылдарында өрт сөндіру бекеттері ашылды. Маусым айында облыстық Департамент қала маңындағы орман шаруашылығы мекемесімен өрт-тактикалық оқу-жаттығу, сондай-ақ Ресей ТЖМ-мен бірлесіп штабтық жаттығулар өткізгенін айта кету керек. Осы жылы әр түрлі мақсаттағы 14 техника сатып алу жоспарланып отыр», – деді вице-министр.

Жасырары жоқ, жұрт жазда өрттен жапа шегуден бір жасқанса, қақаған қыста жылусыз қалудан тағы бір қорынатын болды. Өйткені жылыту маусымы да оқыс жағдайсыз өтіп жатқан жоқ. Мәселен, биыл Рудный қаласында жергілікті ауқымда төтенше жағдай жарияланғаны елдің есінде. Көп қабатты 24 үй, 109 жеке тұрғын үй және 16 әлеуметтік нысан жылусыз қалған болатын.

 «Апатты жағдайлардың туындау қаупін азайту үшін жергілікті атқарушы органдар жылумен жабдықтау нысандарын дайындауға және алдағы жылыту кезеңіне қамданып, қазандық құрылыстарына жіті назар аударуы қажет», – дей өтті М.Пішембаев.

Әлбетте, облыста апатты жағдайдағы жылу құбырларын жөндеу бағытында жоспарлы жұмыстар басталғанын айта кету керек. Ол туралы газетімізде бұрынырақ жазған болатынбыз… Бұдан соң су тасқыны кезеңіндегі ахуал да баян етілді. Биыл көктемде Қарасу ауданындағы Тымтәуір өзені арнасынан асып, жағасындағы Қарамырза ауылында 44 тұрғын үйді су басқан еді. Тасқын салдарын жою және осындай жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін қандай шаралар атқарылғаны мәлімделді.

 «Тымтәуір өзенінің бойында су бұру және түбін тереңдету, Қарасу өзенінде, Қарамырза кентінде апатты жағдайдың алдын алу, Тобыл өзенін тазарту жұмыстары жүргізілді. Жергілікті атқарушы органдардың ендігі міндеті – алдағы уақытта тұрғын үйлерді қауіпсіз жерлерге көшіру үшін өзен бойындағы су қорғау белдеулері мен аймақтарын анықтау. Жалпы, алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында», – дейді вице-министр.

Шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары да сөз етілді. Қазір облыс көлемінде суға түсуге рұқсат етілген 25 орын бар екен. Бірақ тұрғындардың барлығы бірдей жалпыға ортақ ережені қаперде ұстай бермейді. Су айындарында 3401 рейд жүргізіліп, ескертуді елемеген 166 адам жауапкершілікке тартылыпты. Ең өкініштісі, жыл басынан бері өңірде 11 адам суға кетіп мерт болған.

 «Тағы бір маңызды мәселе – өнеркәсіп саласындағы, өндіріс орындарындағы жұмысшылар қауіпсіздігі. Облыста 946 өнеркәсіп кәсіпорны бар, онда 42 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Жұмысшылары мен халыққа қауіп төндіретін, өнеркәсіптік қауіпсіздікті өрескел бұзғаны үшін «Промбаза-7» және «Алюминстрой» серіктестіктерінде алты нысанның жұмысы тоқтатылды. Жалпы, биыл ел бойынша қауіпті 127 техникалық құрылғыны ауыстыру жоспарланып отыр», – деді М.Пішембаев.

Жиынға қатысушылар вице-министрге өңірде өрт сөндіру деполарын көбейту, техника паркін жаңарту, өрт сөндірушілер жалақысын көтеру, еріктілер қызметін қаржыландыру және басқа да мәселелерге қатысты сұрақтарын қойды. Мереке Пішембаев аталған түйткілдер ТЖМ бақылауынан тыс емес екенін, осы бағыттарда жоспарға сай жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ол жиыннан кейін де тұрғындарды жеке қабылдап, толғандырған сұрақтарына жауап берді.

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу