Спартакиада аясында сарыкөлдіктер марапатқа кенелді

Спартакиада аясында сарыкөлдіктер марапатқа кенелді

Ауыл стадионы түрлі-түске боянып, көздің жауын алатындай етіп безендірілген. Алаңда спортшылар сап түзеп, туған жер, Отан, достық пен жастық шақ жайында ән шырқап барады. Бұл Сарыкөл ауданының 95 жылдығына арналған жазғы спартакиадаға дайындықтың айнымас нышаны еді.

Спорт додасының алдында жиналғандар салтанатты рәсімге куә болды. Аудан әкімінің орынбасары Әлия Молдабайқызы іс-шараның өтуіне мұрындық болған Сорочин ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан бір топ адамға мадақтама грамотасын табыстады. Олардың қатарында – «Агро Парасат» ЖШС директорының орынбасары Рүстем Омаров,  бас инженері Дәурен Сапаров, бас есепшісі Нина Берченко, механизаторы Виталий Левковский  және «Надежда» ШҚ басшысы Иван Тарасенко болды.

Бұл ауылда татулығы мен бірлігі жарасқан көп балалы үлгілі отбасылар баршылық.  Ескендіровтер отбасын  күллі Сарыкөл төңірегі жақсы біледі. Төрт  бала тәрбиелеп отырған бұл шаңырақ өздерінің мейірімділігімен, қонақжайлығымен  ауыл жұртына ерекше.  Ал, сорочиндік Величко әулетінде  өрімдей алты бала өсіп келе жатыр. Олар болашаққа зор сеніммен, үмітпен қарайды.  Шайсұлтановтардың бірлік пен татулықты ту еткен шаңырағында төрт бала тәрбиеленіп отыр. Сорочин ауылының тұрғындары – Берниковтар  4 бала, крыловкалық Жолаушыбаевтар отбасында 5 бала мейірімділік пен жылылықтың құшағында тербеліп, өсіп келеді. Осы отбасылар көпке үлгі ретінде атап өтіліп, құрмет көрсетілді.

Айта кетейік, спорттық жарыстарда белсенділік танытып, жоғары көрсеткіштерге қосқан үлесі үшін, ауылдың қоғамдық өміріне араласып келе жатқан бір топ спортшы марапатталды. Оған қоса «Сарыкөл дос» қоғамдық қайырымдылық қорына өлшеусіз үлес қосып жүрген демеушілер де марапаттан тыс қалмады. Оны осы қордың директоры Азамат Жолаушыбаев өз қолымен табыстады.

Руслан ӘЛКЕЕВ

Сарыкөл ауданы

 

Жаңалықтармен бөлісу