Облыстық спартакиада жеңімпаздары марапатталды

Облыстық спартакиада жеңімпаздары марапатталды

Алтынсарин ауданында өткен “Тың-2023” XXXVI облыстық спартакиадасында Қостанай қаласының құрамасы бірінші орынға ие болды. Осыған орай “Мирас” мәдениет үйінде спортшыларды салтанатты түрде құттықтау рәсімі өтті.

            Жеңімпаздарға берілген жалпы жүлде қоры 6 млн теңге. Қала әкімі Марат Жүндібаев құттықтау сөзінде қаржы көлемі жыл сайын артып отыратынын жеткізді.

            – Біздің құрама жеңіске жетті. Әр спортшының еңбегін бағалауымыз керек. Жаттықтырушыларға алғысым шексіз. Спортшылар Республикалық жарыстарда өздерін лайықты деңгейде көрсететініне сенімдімін. Былтыр жүлде қоры 3 млн теңге болса, биыл 6 млнға жетті. Жыл сайын арттырып отырамыз. Халық арасында бұқаралық спортты дамыту үшін бар жағдай жасалынуда. Қаланың ықшам аудандарында спортпен шұғылдану үшін жаттығу алаңдарын салдық. Алдағы уақытта саны арта түседі. Жүгіру жолағы, веложол және өзге де спорт түрімен жастарымыз айналысуы үшін санын арттырамыз, – деді М.Жүндібаев.

Марапаттау кешіне спортшылардың өздерімен бірге жақындары да шақырылды. Үш орын бойынша сыйақы табысталды. Сайыс түрінен бөлініп, 10 бірінші орын, сегіз екінші және 5 үшінші орын алған құрама командалар марапатқа ие болды. Сертификат алғандар қатарында дзюдошылар құрамасы да бар. Ақжол Қонысбай 66 келі салмақта өнер көрсетіп чемпион атанды.

            – Бала кезімнен спортқа жақынмын. Тобыл-Торғай өңірін көрші облыстарда шығарып жүрмін. Бұл алғашқы жүлдем емес. Осы уақытқа дейін Астана, Ақтөбе және өзге өңірлерде өткен жарыстардан жүлделі орын алып келемін. Спартакиадада бес қарсыласты жығып чемпион болдым, – дейді жас спортшы Ақжол Қонысбай.

Қала әкімі құрамада орынға ие болған жігіттерге 240 мың теңгенің сертификатын табыстады.

Сералы Мырзабай

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

 

Жаңалықтармен бөлісу