Биыл еліміздегі кітапханашылар мен архив ісі мамандарының жалақысы артады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл кітапхана қызметшілері және архив ісі мамандарының еңбеақысын 20%-ға, 2027 жылға дейін екі есе өсіру жоспарланып отыр. Бізге білім саласындағы кітапханашылар, мәдениет саласындағы қосалқы қызметшілер проблемаларын айтып хабарласты. Яғни олар жалақысы көтерілетіндердің қатарына кірмей қалған. Осы орайда аталған санаттағы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын қалай көтереміз деген сұрақты талқылау үшін, бірнеше құзырлы органдардың өкілдерін шақырып отырмыз», – деді Мәжіліс депутаты.
Жұлдыз Сүлейменова «AMANAT» партиясы алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Депутаттың есептеуі бойынша бүгінде 25 жыл өтілі бар кітапханашының жалақысы орта есеппен 140 мың теңге.
«Бұл жерде жалақыдан бөлек, жұмысшылардың еңбек демалысы, сауықтыруға арналған төлемдер де кіреді. Жалақы, әлеуметтік қолдау мәселелеріне келгенде, мәдениет және білім саласындағы кітапханашыларды қатар қарастыру қажет. Сонымен қатар қосалқы қызметшілерді ұмытпау керек, мысалы кітапханада жұмыс істейді, бірақ кітапханашы емес», – дейді ол.
Мәдениет және спорт вице-министрі Арман Жүдебаевтың мәліметінше, еліміз бойынша кітапханашылардың орташа жалақысы 125 980 теңге. Ал басшылық қызметтегілер 214 мың теңге маңайында жалақы алады.