Биыл Аманкелді ауданы үшін айтулы жыл. Ұлт сардары Аманкелді Имановтың 150 жылдық мерейтойы мен ауданның 95 жылдығы қатар келіп тұр. Қос мереке қыркүйек айында кең көлемде аталып өтпек. Қазіргі кезде осы тойға деген дайындық қарқынды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, осы той қарсаңында аудан әкімі Талғат Карбозовты сөзге тартып, атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде білдік.
–Талғат Тойшыбекұлы, әңгімені бірден А.Имановтың 150 жылдық мерейтойынан бастасақ. Дайындық барысы қалай? Қандай игі істер қолға алынды? Елдің күткен дүбірлі тойдың қызықты тұстары қандай болмақ?
–Аманкелді Үдербайұлы Имановтың 150 жылдығы, ауданымыздың 95 жылдық мерейтойын мерекелеуге арналған іс-шаралар бағдарламасы бекітілді. Мерейтой қыркүйек айының 5-9 жұлдызына жоспарланған. Дайындық жұмыстары ойдағыдай. Бірнеше күнде жұмыстар да аяқталады. «1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс: Айтылмай келген ақиқат» атты ғылыми-практикалық конференция өткізу, М.Қапышев атындағы халық театры әртістерінің орындауында Ә.Әбілтаевтың «Қаһарлы 16-жыл» драмасы, «Ардагер Аманкелді – ердің ері» республикалық ақындар айтысы, «Қостанай велоқауымдастығы» ҚБ бастамасымен велошеру, Жанкелдин – Аманкелді тас жолы (150 км), Сұлтан Бейбарыс бабамыздың 800 жылдық мерейтойына орай ескерткіштің ашылуы және спорттық іс-шаралар, облыс, республикаға танымал жұлдыздардың қатысуымен мерекелік концерт өтпек.
– Астанада ғылыми-тәжірибелік конференцияда бастау алған игі істің жалғасы қандай болмақ?
–Өзіңіз айтқандай, Ұлттық музейде Аманкелді Имановтың туғанына 150 жыл толуына орай «Батырдың биік тұлғасы: тарихы, зерттелуі, ақиқаты» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция және конференция аясында Қостанай облысы музейлерінің қорынан «Халық батыры» атты көрме салтанатты түрде ашылды. Сонымен қатар, батырдың шөпшегі, суретші Зарина Ниязованың баһадүр бабасына арнаған суреттер сериясы да көпшілік назарына ұсынылды. Е.Рахмадиев атындағы Астана мемлекеттік филармониясының шығармашылық ұжымы «Дала дауылпазы» атты концерттік бағдарлама ұсынды. Осындай жауапты іс-шараларды өткізуге Астанада тұратын жерлестеріміз ұйытқы болды.
Осы орайда, Толқын Сұлтанова бастаған бір топ азаматтар мен азаматшаларға алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, мәдениет басқармасының қолдауымен республикамыздың бірқатар облыс орталықтарында Қостанай облысы музейлерінің қорынан «Халық батыры» атты көрме салтанатты түрде ашылды. Көрмеде тыл жұмыстарына шақыру туралы патша жарлығының жариялануына байланысты архив құжаттарының көшірмелері мен фотосуреттер, Аманкелді Имановтың домбырасы, туыстарының жеке заттары, сарбаздардың қару-жарақтары және Қазақстанның халық суретшілерінің туындылары қойылған. Ауданымыздың ауыл-аймақтарында да түрлі бағытта мәдени іс-шаралар өтуде. Одан қалды, Үрпек ауылында батырдың ескерткішін қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілді. Оған демеуші болған жергілікті кәсіпкер Бақытжан Нәменұлы.
–Ауданның инфрақұрылымын жаңарту бойынша мемлекеттік бағдарламалар барысы жайлы әңгіме өрбітсек…
–Ауданға облыстық және республикалық бюджеттен 3 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Ауылды өркендетуге бағытталған келелі бағдарламалардың бірі «Ауыл – Ел бесігі». Бұл бағытқа биыл барлығы 1,2 млрд теңге қаражат бөлінді. Осы бағдарлама арқылы қазіргі таңда Үрпек ауылындағы Жаңаауыл орта мектебінің ғимараты күрделі жөндеуден өткізілуде (424,7 млн. теңге), сондай-ақ, аудан орталығында 395,7 млн теңгеге спорт кешенінің құрылысы басталып, оған жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылып, ауыл азаматтарына екі қолға бір күрек табылып, еңбек етуде. Ғимарат толыққанды жұмысқа кіріскенде тұрақты 20 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
150 жылдық мерейтой қарсаңында облыстық бюджет қаражаты есебінен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, «Шұғыла» демалыс саябағы мен А.Иманов ескерткішінің маңайын көркейтуге 91,2 млн жұмсалды. Байтұрсынов көшесіне 36,9 млн теңгеге тротуар төселді. Е.Сейкенов атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін ағымдағы жөндеу жұмыстары да жасалуда. Жобаға 61,6 млн теңге қаражат бөлініп, көрермен отыратын орындықтар жаңартылып, спорт алаңында жүгірушілерге арналған жол қайта асфальтталып, тартан төселді.
Мәдениет саласына келер болсақ, А.Иманов атындағы мемориалдық мұражай да жаңаруда. Оған 42,0 млн теңге, ал Қ.Әбенов атындағы мәдениет үйін жөндеуге, басқа да құрал-жабдықтар сатып алу үшін 48 млн 800 мың теңге қаражат бюджеттен бөлінді, облыстық және аудандық бюджет қаражаты есебінен 20 млн 681,9 мың теңгеге шағын автобус сатып алынды.
Қарасу ауылындағы ФАП ғимаратына 40,7 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілетін болады. Оған сәйкес, А.Имановтың туған еліндегі ескерткішінің маңайы абаттандырылып, мемориалдық музейі жөндеуден өтеді. Аудан орталығындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, мәдениет үйінің ғимараттарын жөндеуден өткізуге, керекті жабдықтар сатып алуға облыстық бюджеттен қосымша қаражат бөлінген.
Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында, мекемелерде Амангелді Үдербайұлының 150 жылдығына орайластырылған сынып сағаттары, тәрбие сағаттары, кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізіліп келеді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Үрпек ауылында ғылыми конференция ұйымдастырылды, қазақ күресін дамыту мақсатымен «Аманкелді Барысы» өтеді. Ғылыми конференция, өнерпаздардың концерттік бағдарламасы, ақындар айтысы, спорттық ойындар сияқты түрлі іс-шаралар қыркүйек айында өтпек. Бірақ осымен аяқталып қалмай, бұл мерейтой жыл аяғына дейін жалғасын табады.
–Тұрғындармен кездесуде жол мәселесі көп көтерілетіні жасырын емес. Соңғы екі жылда жол жөндеу жұмыстары айтарлықтай қолға алынды. Бұл жұмыстар жалғасын таба ма?
–Ауылішілік жолдарды орташа жөндеуге барлығы 356 млн 542,2 мың теңге бөлінді. Олар: Аманкелді ауылының Дүйсенбин (12,1 млн теңге), Уәлиханов (37,9 млн теңге), Ахметбеков (17,4 млн теңге), Байқадамов (11,8 млн теңге), Гордеев (20,1 млн теңге) көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Қазір аудан орталығына кіреберіс Солтүстік және Оңтүстік жолдарын жарықтандыру жұмыстары атқарылу үстінде (18,1 млн теңге бөлінді). Жоспарда Есір ауылының кіреберіс жолын жарықтандыру тұр (2,6 млн теңге).
Амантоғай ауылының көшесін орташа жөндеу жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде (46 млн 453 мың теңге). Есір (19,6 млн теңге), Байғабыл (191,2 млн. теңге) ауылдары, Аманкелді ауылындағы А.Нұрманов және Қасымов көшелеріне облыстық бюджет қаражаты есебінен орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
–Ауыз су мәселесі де елдің назарында. Елді мекендердің тіршілік нәрімен қамтылуы қандай деңгейде?
–Бұл салада жалпы құны 775,2 млн теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асырылуда. Солардың бірі Қарасу ауылының су беру жүйесін қайта құрылымдау жұмыстары жалғасу үстінде. Оған ұлттық қор қаражатынан 232 349,0 мың теңге бөлінген. Бүгінде жұмыс аяқталуға жақын. Жақын күндері пайдалануға беріледі. Құмкешу ауылының су беру жүйесін қайта құрылымдау жұмыстары басталды, оған 148,4 млн теңге қарастырылды. Мұның сыртында Ақсай және Тасты ауылдарын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету бойынша жобалау-сметалық құжаттар дайындайтын боламыз. Бұл мақсатқа 31 млн теңге қаражат жоспарланды. Жасыратыны жоқ, өзге ауылдық аймақтарда су мәселесі бар. «Аман су» КММ мекемесі арқылы Қосжан, Кемер елді мекендеріне ауыз су тасымалы ұйымдастырылып отыр.
–Аудан орталығы жылдан-жылға көркейіп келеді. Бұған әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асуы себепші екені белгілі…
– Ел жанашыры, меценат Сапар Ысқақовтың «Тілеп» жеке қайырымдылық қоры «Көпфункционалды туристік кешенінің құрылысын» қолға алып, аяқтауға жақын. Бүгінгі таңда 12 нысанның іргетасы құйылып, 9 нысанның қабырғасы көтерілді, 12 нысанға су құбыры тартылды, электр жүйелері жүргізілді, тас төсеніштер төселді, ағаштар отырғызылды. Қазіргі уақытта мемориал, Бразилия кафесі, қонақ үй, ескерткіш тас, кіре беріс маңдайшаның құрылыстары аяқталды. Қалған құрылыс жұмыстары әлі де жалғасуда. Жоба іске қосылғанда 20 адам жұмыспен қамтылып, жылына 3000 адам ішкі туризм бойынша танысуға келіп, жылына 50 млн теңгеге қызмет көрсетіледі деп күтудеміз. Жоба аяқталғанда жалпы тартылатын инвестиция көлемі шамамен 2,5 млрд теңгені құрайды деп болжанған. Бұл нысандардың бірқатары қыркүйек айында ашылады.
– Қазіргі уақытта шешімі қиын қандай проблемалар бар?
–Аманкелді ауданына қарасты Қарынсалды, Горняк ауылдарында байланыстың нашарлығы ауыл тұрғындарына, одан қалды мектеп оқушыларына қиындық туғызып отыр. Бұл мәселе күн тәртібінде. Осы орайда мәжіліс және облыс депуттарынан құрылған жұмыс тобы ағымдағы жылы көшпелі отырыс өткізіп, ауыл тұрғындарымен кездесіп, мәселерге назар аударды. Бұл мәселе алдағы жылы шешімін табады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қолайлы іскерлік ортаны, бизнеске тиімді қолдау көрсетуді және бәсекелестікті қорғауды қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің бизнес-дағдысы мен құзыретін жетілдіру, инвесторларға қолдау көрсету мәселелеріне ерекше назар аударып, Үкіметке бірқатар тапсырманы жүктеді. Өңірге қандай инвестиция тартылуда?
–”Евразия Инвест” ЖШС базасында 500 бас мал бордақылау кешенін құру және малшылар үйі, техникаларға арналған ангар құрылысы салынуда. Қазір жоба толығымен аяқталды, барлық заңды құжаттар есебі 180 млн теңгеге тапсырылды. Жоба бойынша бір мезетте 500 бас бұқаны бордақылап, барлық шығындарды есептемегенде жылына 83 млн теңге кіріс кіргізеді деп жоспарлануда. 10 жұмыс орыны ашылады. «Дария» шаруа қожалығы Күлік елді мекенінде 300 бас асыл тұқымды «Абердин ангус» ірі қара мал басын өсіруді қолға алмақ. Жобаның құны – 150 млн теңге. 21 млн теңге өз қаражаты, 139 млн теңге қаржы институттарының қаражаты есебінен. Қазіргі уақытта “Нұр жайлау” ЖШС-нен 21 млн теңгеге 35 ангус қашарын өз қаражатына, Солтүстік Қазақстан облысынан “Азия-Тарангул” ЖШС-нен 100 ангус іріқараны сатып алу үшін 44 млн 500 мың теңгеге қаражатты “Аграрлық несие корпорациясы” арқылы алды. 135 басқа қолдан ұрықтандыру жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта оңтүстік аудандарға арналған «Даму» қоры арқылы 1% несиеге ангус қашарларының жалпы басын жоспарланғандай 300 басқа жеткізу көзделуде.
«2020» шаруа қожалығы мал шаруашылығы базасын салып, 3 мың бас «Еділбай» асыл тұқымды қойын өсіруді қолға алды. Мал шаруашылығы базасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде, жобаның дайындығы 40 пайызды құрайды. Мал шаруашылығы базасының құрылысын алдағы қазан айында аяқтайды. Былтыр Ақмола облысы Астрахан ауданы Жарсуат ауылында орналасқан “Сулейменов К.С.” ШҚ-мен 3 мың бас 12 айлық қой сатып алуға келісім-шарт жасалды. Қазан айында 500 бас қойды алып келеді, қалған 2500 бас қой 2024 жылы алынады.
«Асылжан» шаруа қожалығы Бестарау елді мекенінде 100 бас асыл тұқымды “Қазақтың ақбас” ірі қара мал басын өсіруді жоспарлап отыр. Жобаның құны –100 млн тенге. 40 млн теңге өз қаражаты, 60 млн теңге қаржы институттарының қаражаты есебінен. Жоба келер жылы жүзеге асады. Құрылыс жұмыстарының 90%-ы атқарылып тұр, алдағы қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Қазір шаруа қожалығы “Аграрлық несие корпорациясынан” несие алуға құжаттарын дайындауда, несие алып 100 бас асыл тұқымды ангус қашарларын сатып алмақшы. ЖК «Мерей» «Пескоблок, бетон бұйымдарын өндіру» (іске қосылу 2023 жыл) инвестициялық жобасын қолға алды.Қазіргі уақытта аталған құрылыс материалдарын шығаруды толық бастады, 11 адам жұмыс атқаруда. Тәулігіне 700 дана пескоблок, 50 ш.м тастөсем, 10 дана құдыққа арналған шеңбер 10 дана іргетас шығарады.
ЖК «Жомарт» «Құрама жем өндірісі» бастамасын қолға алды. Қазіргі уақытта жоба іске қосылып, жұмысын бастады. “4 Сала” ЖШС-мен тәулігіне қуаттылығы 2 тонналық ұсақтағыш сатып алынды, мал азығын тұтынушыларға сатуда, 2 тұрақты жұмыс орнын қамтыды. Жылына 252 тоннаға дейін өнім шығарады деп күтілуде. Міне, батыр атындағы ауданның жұмыстары осындай. Ауданда құрылыс қарқын алған. Санаулы күндерде жұмыстар толыққанды аяқталмақ. Кәсіпкерлік нысандар да, мейрамхана, қонақүйлер де қонақ күтуге дайын. Ал, А.Имановтың және Аманкелді ауданының 95 жылдығына арналған бағдарламаның толық нұсқасын әкімдіктің ресми парақшаларынан көруге болады.
–Әңгімеңізге рахмет. Туған жеріміз көркейе берсін.
Айбек ТАҢАТБАЕВ
Аманкелді ауданы