“Қостанай таңы” ұжымы 10 тамыз – Абай күні мерекесіне байланысты облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінде ұйымдастырылған «Қазақтың қос Ибраһимі» тақырыбындағы топтық интеллектуалдық ойынында жеңімпаз атанды.
– Жандос Жүсіпбек, Сералы Мырзабай үшеуіміз қатыстық. Әр командада үш адамнан болды. Ыбырай мен Абай шығармаларын оқушы кезімізден білеміз, сондықтан болар ойын сұрақтары аса қиынға соқпады. Қос Ибраһимнің мұрасын дәріптеп, жақсы іс-шара ұйымдастыра білген музей ұжымына ризамыз, – дейді “Қостанай таңы” газеті бас редакторының орынбасары Аслан Қанғожин.
Қазақтың бағына біткен қос Ибраһим, Ыбырай мен Абайдай тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына негізделген танымдық интеллектуалдық ойынға «Қостанай таңы» ұжымымен қатар облыстық тарихи-өлкетану музейі, Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасы, “Достық үйі” ұжымдары қатысқан болатын. Ойын 4 кезеңнен тұрды. Ойын қорытындысы бойынша жеңімпаздарға диплом мен арнайы сыйлықтар табысталды.