Берешегі белшеден асқандардан әзірге 500 млн теңге өндіріп алынды

Берешегі белшеден асқандардан әзірге 500 млн теңге өндіріп алынды

Қостанай жылу–энергетикалық компаниясының қызметкерлері тұрғындардан төлем шығындарын өтеу үшін рейд ұйымдастырды. Олар апта сайын пәтер жағаласа да нәтиже көңіл көншітпей тұр. Өйткені, көбісі есіктерін әдейі ашпаса, кейбірі үйлерінде болмай шығады.

            Кәсіпорын қазіргі кезде 79 277 тұтынушыға қызмет көрсетеді. Оның 76 872-і жеке тұлға және 2 440 кәсіптік және заңды тұлға, мемлекеттік ұйым саны 241 болса, өзге кәсіптік тұтынушы саны – 2199. Осы жылдың тамыз айының басындағы дерекке сүйенсек, жеке тұлғалы тұтынушылар бойынша дебиторлық берешек 533,3 млн теңгеге жеткен.  Ал өткен кезеңдегі екі айдағы берешек 480 млн теңге.

            – Бюджеттік ұйымдардың берешегі 76,1 млн теңге. Оның ішінде қаладағы бюджеттік мекемелер берешегі 1,1 млн теңге. Облыстағы бюджеттік ұйым берешегі 68,8 млн теңгені құрап отыр. Ал, республикалық бюджет ұйымдарының берешегі 6,2 млн теңге. Дебиторлық берешекті азайту үшін кәсіпорын екі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі сотқа дейінгі тәртіпте, екіншісі сот тәртібімен, – дейді абоненттік бөлім басшысының орынбасары Мирасбек Шәкір.

Бірінші бағытта коммуналдық қызметтерді уақытылы төлеу туралы хабарлама-шоттарымен бірге ескерту беріледі. Сондай-ақ, берешегі бар пәтерлер ыстық судан тіпті, жылудан да ажыратылуы бек мүмкін. Тұтынушыға мерзімі өткен берешегі туралы автоматты түрде қоңырау шалынып хабарланады. Сонымен бірге, оларға тұрғын үй жәрдемақыларын рәсімдеуге көмек көрсетіледі.

            – Ал екінші бағытта нотариус атқарушылық жазба шығарып өтініштерді дайындап береді. Сот шешімдері мен атқарушылық жазбаларды мәжбүрлеп орындау жөнінде сот орындаушыларымен бірлескен жұмысқа кірісеміз. Тұрғындарға берешегін сотқа жеткізбей төлеуге кеңес беріледі. Өйткені, атқарушылық жазба шығарылғаннан кейін, тұтынушыға нотариаттық шығыстарды, сондай-ақ, орындалған жұмыс үшін сот орындаушысына берешек соманың 25%-на дейін қосымша ақы төлеуіне тура келеді, – дейді Мирасбек Шәкір.

Коммуналдық қызметкерлер берешекті 500 млн теңгеге дейін өндірген, жылыту маусымының соңында бұл көрсеткіш 1 млрд теңге болған. Көбіне адамдар төлем жасауды ұмытып кететін көрінеді. Екінші себеп – айлықтың шайлыққа жетпеуі, яғни қаржы тапшылығы.

Іс-шара барысында біз барған көптеген пәтер иелері есіктерін ашпады. Тек бір пәтер иесімен тілдесудің реті келді. Оның қарызы 200 мың теңгеден асады. Төлемеуінің себебін жұмыссыздықпен байналыстырды.

 

            – Қарызым көп екенін өзім де білемін. Бір жылға жуық жұмыссыз үйде отырып қалдым. Жақында жұмысқа орналасамын, сосын шетінен ақырындап төлеп отырамын, – деді тұрғын.

Қызметкерлер ыстық суды пайдалана алмайтындай етіп тұтқасын таңбалап кетті. Енді ол тек қарызын өтей бастағанда ғана таңбаны алып тастауға өтініш беруі керек.

Сот орындаушысы берешегі бар тұрғындар шекара асып кете алмайтынын айтады.

            – Оларға шығуға тыйым салынады. Сондай-ақ есеп шоттары мен дүние-мүліктері бұғатқа қойылады. Яғни, мүлікті сата алмайды. Егер жұмыс істейтін болса жалақысының тең жартысы ұсталып отырады, – дейді жеке сот орындаушысы Тимур Нұрпейісов.

Сералы Мырзабай

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу