Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен Beeline Қазақстан компаниясының бас атқарушы директоры Евгений Настрадиннің кездесуінде белгілі болды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Тараптар кездесуде өңірдегі байланыс пен интернеттің қазіргі жағдайын талқылады. Қаланың қарқынды дамуына белгілі бір қиындықтар туғызатын мәселелерге байланысты сұрақтар қойылды. Проблемалық аймақтарға байланысты, Қостанай тұрғындарының бастан кешіп отырған қиындықтары да сөз болды. Тұрғындардың радиофобия және ретрансляторларды пайдалану жағдайы қарастырылды.
Облыс аумағында ұялы байланыс операторларының базалық станцияларының жұмысына кедергі келтіретін ретрансляторлар орнатылған 34 елді мекен анықталған болатын. Әңгіме барысында Құмар Ақсақалов проблемалық аймақтарды жою бірінші кезектегі міндет екенін алға тартып, мәселені шешу үшін антенна-діңгек құрылымын салуға жер бөлуге дайын екенін жеткізді.
«Экономиканы, білім беру саласын және қоғамдық өмірді дамыту үшін заманауи технологиялардың маңызы артқанын көріп отырмыз. Біз Beeline-мен бірлесе отырып, тұрғындарды сапалы байланыс әрі интернетпен қамтамасыз ету мақсатымен ынтымақтастығымызды нығайтуға дайынбыз», – деді облыс әкімі.
Айта кету керек, 2022 жылы Beeline ұялы байланыс операторы 15 жаңа базалық станцияны сәтті іске қосты және облыстың қалалары мен елді мекендеріндегі 23 базалық станцияға қосымша жабдық орнатты, бұл аймақтағы желіні қамтып, сапасын айтарлықтай жақсартты. Ал LTE Everywhere бағдарламасы аясында Beeline-нан байланыс пен интернет облыстың 170 ауылындағы 127 мыңнан астам тұрғынға қолжетімді болды.
Биыл компания тағы 10 базалық станцияны және 25-тен астам позицияға LTE жабдығын орнатып, 50-ден 1000-ға дейін тұрғыны бар 20 елді мекенде байланыс пен интернеттің сапасын арттыруды көздеп отыр.
«Beeline Қазақстан» өз желісін қалада да, Қостанай облысында да белсенді түрде одан әрі жетілдіріп, кеңейтеді. Соңғы айларда Дәмді, Александров, Садовой, Горняцкий және т.б. ауылдарда байланыс пен интернетті жақсарттық. Біздің мақсатымыз – әкімдікпен бірлесіп, аймақтың белсенді дамуына үлес қосу. Біз серіктестікті бағалаймыз және байланыс пен интернет саласындағы туындайтын мәселелерді бірлесіп шешуге қуанышты боламыз», – деді «Beeline Қазақстан» компаниясының бас директоры Евгений Настрадин.
Ұялы байланыс операторы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Қостанай облысы Сарыкөл ауылындағы №1 Урицкая мектебін НЗМ-нің стандартына дейін жаңартты. Қазір мектеп жаңа модификациядағы оқу кабинеттерімен, заманауи STEM зертханасымен, көркемсурет студиясымен, еңбек сабақтарына арналған шеберханалармен, шахмат ойнайтын, сурет салу және конструкторларды құрастыру алаңдарымен жабдықталған.
Облыс әкімі мен Beeline Қазақстан арасындағы кездесу өңірдегі байланыс пен интернет сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам әрі екі тараптың ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін ынтымақтасуға дайындығын көрсетті.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев