Торғайдан Ақаң ауылы Ақкөлге барар жолда Аралбай деген ауыл бар. Аты айтып тұрғандай, айналасы тұнған көл, жері майса. Ауылының азаматтары да түрлі игілікті істің ұйытқысы болып жүр. Жуырда осы Аралбай тумалары кең көлемде «Ауылым – алтын бесігім» атты мәдени-көпшілік шара ұйымдастырды.
«Туған жерге тағзым» жобасы аясында ауыл азаматтарының қолдауымен айшықталып жазылған «Аралбай» белгісі де қайта жаңартылып, ауыл орталығына ерекше сән берді.
«Ел перзенттерінің бастамасымен өткен көпшілік шара жақсы өтті. Ән мен жырға, осындай мерекелік басқосуларға сусап отырған ауылдық ағайындардың еңсесі бір көтеріліп қалғандай. Өнерлі ел өнерпаздарға деген ыстық ықыластарын жаудырып жатыр. Ұлттық спорт ойындары да керемет болды. Алдағы жылы ел перзенттерінің қолдауымен ауыл орталығында әлеуметтік нысандар бой көтереді деген үміттемін. Бұл жөнінде тынымсыз жұмыс істеп жатырмыз. Жыл сайын ауыл күні атап өтілетін болады. Осы іс-шараға мұрындық болған барлық жерлестеріме шексіз алғысымды білдірмен», – дейі ауыл әкімі Әділжан Сламжанұлы.
Ауыл күнін атап өту барысында туған жер перзенттері «Әнім саған туған ел» атты мерекелік ән-шашуларын тарту етті. Мерекелік кешке құрметті қонақ ретінде арнайы шақырылған ауыр атлетикадан КСРО спорт шебері Қонысбай Жүсіпбаев, жас спортшыларға «Шеберлік сынып» сағатын өткізіп, өзінің өмірден жинақтаған мол тәжірибесімен бөлісті.
Игілікті іс-шара спорттық ойындармен жалғасты. Қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін жатық меңгерген жас палуандар боз кілемде жанкүйлердің делебесін қоздырды. Гір көтеру, арқан тартыс, нысана көздеу сынды ұлттық спорт түрінен додаға түскен спортшылар байрақты бәсекеде ауыл намысын қорғады. Волейбол ойынындаға өзара тартыс та қызықты әрі тартымды болды. Жоғары дәрежеде өнер көрсеткен спортшылардың барлығы сыйлықтан құр алақан болған жоқ.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Жанкелдин ауданы