Көлік те, қосалқы бөлшек те шығарады

Көлік те, қосалқы бөлшек те шығарады

Қостанайда тағы ірі өндіріс ошақтары бой көтеріп жатыр. Олардың ішінде “КИА” компаниясы салып жатқан зауыттың жөні бөлек.

Аумағы 92 мың шаршы метрге тең өндіріс алаңы әп-сәтте алып құрылыс алаңына айналған. Мұнда қазір 170 адам еңбек етеді.

Мердігер компания жаңа құрылыс нысанының металл қаңқаларын құрастырып жатыр.

“Күзге дейін барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтаймыз. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр”, – дейді КИА-Қазақстан компаниясының басқарушы директоры Роман Глущенко.

Оның айтуынша, жоба құны 90 млрд теңге. Оның 15 млрд теңгесін мемлекет қаржылдандырады. Қалғаны сомасын инвесторлар көтеріп отыр. Заманауи зауыттың құрылыс барысымен танысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов өндіріс ошағының болашағы зор екендігін атап өтті.

“Бұл зауыт мемлекет басшысының көмегінің арқасында салынып жатыр. Жақында ғана елімізге Оңтүстік Кореяның президенті келгенін білесіздер. Сол жолы да осы инвестициялық жобаның жай-күйі қос мемлекеттің деңгейінде талқыланды. Біз де Президентпен кездескен  сайын зауыттың  құрылысы  жөнінде есеп беріп отырмыз. Өйткені, бұл еліміздің экономикалық дамуына үлкен серпін беретін жоба. Зауыт жылына 70 мың көлік құрастыруға қауқарлы. Шамамен 5 млрд теңге салық түседі”, – деді өңір басшысы .

Тамыз айына таман мұнда Оңтүстік Кореядан 800-ге жуық мамандар келеді. Ал зауыт ашылғанда тағы 1200 жұмыс орны ашылады.

Компанияның басқарушы директорының айтуынша, қазірден бастап Қостанайдағы А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов атындағы университеттердің және автокөлік колледжінің студенттерін жұмысқа тарту жөнінде келісім жасалған. Оларды алып өндіріске жібермес бұрын арнайы оқу курстарын өткізбек. Келешекте Қостанайда құрастырылған КИА автокөліктері Орта Азия елдеріне де сатылымға шығаралады.

Зауыт құрылыс күзде аяқталады. Сол уақытта барлық инфрақұрылым жүргізіледі. Жол салынады.  Облыс әкімі Қ.Ақсақалов таяу күндері  индустриалдық аймақта іргетасы қаланатын автокомпоненттерді оқшаулау  орталығы жобасымен де танысты. Жоба  шағын өнеркәсіптік аймақты дамыту аясында жүзеге асқалы отыр. Жаңа зауыттың құрылысын салуға өнеркәсіпті дамыту қоры тиісті қаржы бөлді. Аумағы 9,9 гектарды алып жатқан болашақ өндіріс ошағы пайдалануға берілгенде жылына жетпіс мыңға дейін шағын және ірі автокомпоненттер шығаратын болады. Зауыт құрылыс келесі жылы шілде айында аяқталмақ. Ал 2026 жылы алғашқы өнім конвейерге жол тартады. Кәсіпорын іске қосылғанда 800 жұмыс орны ашылады дейді мамандар.

“Бұл ол өте кажет жоба. Біріншіден, автокөлік өндірушілердің көлікке керекті көптеген қосалқы бөлшек, деталь, агрегаттарды оқшаулауға қатысты  өзіндік міндеттемелері болады. Жыл озған сайын автокомпоненттердің қатарын көбейте береді. Жалпы, осында шығарылған бөлшектер брендке айналған көліктерге орнатылады.  Сондықтан, сапасы да соған татырлық болары сөзсіз”, – деді Құмар Ақсақалов.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу