2025 жылдан бастап банктерге жаңа салық енгізіледі

2025 жылдан бастап банктерге жаңа салық енгізіледі

Салық кодексіне енгізіліп жатқан өзгерістер туралы сауалға мемлекеттік кірістер комитетінің Әдістеме департаментінің директоры Әлия Жетібаева жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлия Жетібаеваның айтуынша, екі жылдан кейін банктер банк операциялары мен бағалы қағаздардан түскен пайдаға салық төлейтін болады.

– Банк жүйесіндегі салық төлемдері мәселесі дұрыс көтерілген. Мәжіліс отырыстарында қаралып жатқан Салық кодексі туралы заң жобасына бірқатар өзгерістер енгізілуде. Маңызды нормалардың бірі – 2025 жылдан бастап банктер салықты корпоративтік табыс салығы негізінде төлейтін болады. Яғни, 2025 жылдан бастап банк операциялары мен Ұлттық банк ноталарынан түсетін пайдаға салық енгізіледі, – деді Әлия Жетібаева.

Спикер бүгінгі күні корпоративтік табыс салығы 20%-ды құрайтынын қосты. Жаңа Салық кодексі қабылданса, банк операциялары үшін көрсетілген сомада комиссия алынады.

Еске салайық, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев банк операцияларынан түсетін салық мәселесін бірнеше рет көтерген болатын.

Жаңалықтармен бөлісу