Осы жылдың басынан бастап еліміздің өңірлерінде 64 мың орынға арналған 561 мектепке дейінгі ұйым ашылды, бұл кезекте тұрған 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 92,5%-ын мектепке дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтуға мүмкіндік берді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа орындардың ашылуы мектепке дейінгі ұйымдардың құрылысын жүргізу, реконструкциялау және шағын орталықтар желісін кеңейту, сондай-ақ жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру есебінен іске асырылады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық балалар үшін тең бастапқы мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шаралар қабылдануда. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды ұлғайту үшін 2023-2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың қадамдық жоспары әзірленді. Бүгінгі таңда балаларды мектепке дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтуда 13 өңір жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Оның ішінде Шымкент қаласын, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе облыстарын атап өтуге болады», – деп қорытындылады Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамова.
Бүгінде елімізде 11,6 мың мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, онда 1 млн-ға жуық бала тәрбиеленуде.