Қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойын мерекелеуге орайластырылған ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
Оған қатысты өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленіп, 140 жылдыққа орай 140 іс-шара енгізілді. Мерейтой барысында облыс көлемінде әр түрлі форматта мәдени жиындар өткізілетін болады.
Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиналыста облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов айтып берді.
«Негізгі той қарсаңында республикалық деңгейде форум, ақындар айтысы, жыр-терме орындаушылар байқауы, гала концерт, ақындар мүшәйрасы, ашық аспан астындағы театрландырылған қойылым қою жоспарда бар. Қазірдің өзінде инфрақұрылымдық нысандарды дайындау жұмыстары басталды», – деді басқарма басшысы.
Биыл Бидайық ауылындағы Міржақып Дулатұлы мұражайына ағымдағы жөндеу өткізу үшін 21,7 млн теңге және реэкспозиция жасау үшін 25 млн теңге қаржы бөлінген. Бұдан басқа Торғай ауылындағы Шақшақ Жәнібек музейіне де ағымдағы жөндеу жұмыстарына 45 млн теңге бөлінген.
Сондай-ақ, Бидайық ауылындағы Міржақып Дулатұлы, Ақкөл ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйлеріне, Торғайдағы Жанкелдин мұражайлар кешеніне қосымша штат бөлінген. Бұл көптен айтылып жүрген мәселе болатын.
«Биыл біз еліміз үшін маңызды оқиға Мыржақып Дулатұлының 140 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуіміз керек. Оған жоспарланған барлық бастама уақытылы аяқталуы қажет», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев