ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында Полиция күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Ізін ала өңір журналистеріне баспасөз туры ұйымдастырылды.
Бұл академияда көптен бері ұйымдастырылып тұрған елеулі оқиғалардың бірі. Себебі араға төрт жыл салып, курсанттарға «сержант» атағы табыс етілді. Марапатқа елу шақты жас ие болды. Сондай-ақ осы оқу ордасында қалтқысыз қызмет етіп жүрген кәсіби мамандар және отставкадағы сала ардагерлері де сый-сияпатқа кенелді.Бұдан соң іс-шараға арнайы шақырылған журналистер қауымына арналып дөңгелек үстел өтті. Жиында академия бастығы, полиция генерал-майоры Ақынқали Дәрменов мекеменің қазіргі қызметі және алдағы жоспар-жобалары туралы кеңінен мәлімет берді. Айтуынша, академияны бұрын-соңды болмаған көптеген оң өзгеріс күтіп тұр.
«Алдағы оқу жылынан бастап бірнеше мамандық, бөлімше, факультет пайда болады. Атап айтқанда, Киберқауіпсіздік факультеті, Полиграфиология, психологтар оқыту және әлеуметтік зерттеу бөлімшелері ашылады. Докторлық диссертация кеңесі құрылады. Өңірлік хаб құру да жоспарда бар. Ресми сайтымызды да жаңарту, жандандыру көзделіп отыр. Академия эмблемасына да байқау жарияланды. Видеоаналитика жүйесі орнатылып жатыр», – дейді А.Дәрменов.
Қазір академияда 200 курсант бар, жаңа оқу дылында тағы 200 талапкер қабылданбақ. 20 шілдеде кең ауқымды түлектер форумы өткелі отыр. Осы және өзге де мәліметтер ортаға салынған соң оқу орнының бастығы журналистер қауымына кәсіби мерекелері қарсаңында Алғыс хат табыс етті.
Кейін тілшілер үшін академия аумағында баспасөз туры ұйымдастырылып, әртүрлі бөлімшелердің қызметі таныстырылды. Әріптестеріміз әскери форма киініп алып, академияның ықпыл-жықпылын аралады. Мекеменің абыройын алуан жарыстарда асқақтатып жүрген спортшылар жекпе-жектің сан түрі мен акробатикадан шеберліктерін көрсетті. Журналистер тир залына кіріп, қолына тапанша алып, мергендіктерін сынға салып көрді. Ең көп ұпай жинаған тілшілерге сол жерде марапат табыс етілді. Тур соңында жунлалистер курсанттар асханасына барып, әскери ас-ауқаттан ауыз тиді.
Толығырақ – газеттің алдағы санында.
Суреттерді түсірген – Бейбіт НҰРМҰХАН