Жұмысшы мамандар тапшылығын жою – маңызды міндет

Жұмысшы мамандар тапшылығын жою – маңызды міндет

Мемлекет басшысы 2024 жылдың қыркүйек айындағы Жолдауында биыл жұмысшы мамандықтарға құрмет көрсетілетінін айтқан еді. Жаңа жыл басынан осы міндеттемені жүзеге асыру жұмыстары басталып та кетті. Бастысы, бұл идеяның қоғам үшін маңызы зор. Әсіресе, ел болашағы – жастарымыз мұның мән-мазмұнын тереңірек түсінуі керек. Осы тұста идеяны іске асырудағы кейбір маңызды тұстарға тоқталып өтуді жөн санаймын.
Мектеп оқушыларын жұмысшы мамандықтарға бағыттау үшін жұмысшы мамандықтар классификаторын өзгерту қажет. Талдау жасап отырып көз жеткізгенім, цифрландыру, роботтар, жасанды интеллект игіліктерін қолданатын заманауи жұмысшы мамандығы жоқтың қасы. Классификаторға енгізілгені – көп жастың сұранысын қанағаттандыра бермейтін механизатор, сатушы, электрик секілді салалар. Интернет, әлеуметтік желі дәуірінің балаларының таңдау-қалауы мүлдем басқа. Ал бізге бір қарағанда қарабайыр көрінетін мамандықтар, робот техникасы, цифрлық технология элементтері қолданылатындықтан, өте заманауи, жеңілдетілген екенін көрсетуіміз керек. Сондай-ақ, меніңше, білім беру мекемелерінде оқу-өндірістік кешендерді қайта құру қажет. Әйтпесе, жастар теория жүзінде өндіріп ештеңе үйрене қоймайды. Елде 7 мыңдай мектеп болса, соның мың шақтысында ғана профильдік сыныптар ашылады екен. Бұл да ескерерлік жағдай. Жұмыс берушілерге де жүктелетін жауапкершіліктер боуы керек. Айталық, жұмысшы мамандықтардың көбінің жалақысы өте аз. Бұл да жастардың табысы төмен жұмыстан басын алып қашуына себепті. Идеяны іске асыру енді ғана қолға алына бастағандықтан, біз айтып отырған аз-кем олқылықтың орны толады деген үміттемін.
“Жұмысшы мамандығы жылы” құрғақ ұранға айналмай, жүйелі жүзеге асып, жемісін беруі үшін республикалық деңгейде тегеурінді тұжырымдамасы жасалып, барлық өңірге инвестиция салынуы керек деп есептеймін. Сосын бұл бастаманың идеологиялық мазмұны артып, насихаты оң жолға қойылса, нұр үстіне нұр. Қостанай облысында Жұмысшы мамандықтар жылын көптеген колледж, ЖОО жақсы қарқынмен бастап, мектеп оқушыларына арнап кәделі іс-шаралар өткізіп жатқанына қуаныштымын.
Жалпы, елімізде экономикалық әртараптандыру жүргізіліп жатқан уақытта қоғамның күш-қуатын жұмысшы кадрлар тапшылығын болдырмауға жұмсау керек. Ол үшін болашақ түлектердің көзқарасы мен мотивін осы салаларға бағдарлай алсақ, ұпайымыз түгенделер еді.

Римма БЕКТҰРҒАНОВА,
педагогика ғылымдарының докторы,
А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ ректорының кеңесшісі,
Әйелдер күштері альянсының төрағасы

Жаңалықтармен бөлісу