Облыста қанша мектеп салынады?

Облыста қанша мектеп салынады?

Облыста білім саласын жетілдіруге айрықша ден қойылған. Атап айтқанда, жылма-жыл салаға бөлінетін қаржының көлемі ұлғайып келеді. Мәселен, өткен жылы 178,5 млрд теңге болса, биыл облыс бюджетінің 35% – дан  астамы немесе шамамен 200,0 млрд теңге білім беру саласына бағытталған.

Осы жылы облыс мектептеріндегі 1-4 сынып оқушыларын  тегін тамақтандыруға 4,9 млрд теңге бөлінді. Қостанай қаласындағы “Әуежай” және “Юбилейный” шағын аудандары мен Әулиекөл кентінде бала-бақшалардың құрылысы аяқталуға жақын.  Сондай-ақ, биыл  “Береке”  және  “Қонай” шағын аудандарында, Қостанай ауданының Еңбек ауылында  жалпы сыйымдылығы 1 980 орындық үш мектеп  іске қосылады.

2025 жылға дейін 7500 орындық тоғыз заманауи мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған. Қостанайдағы  “Береке”, “Әуежай” шағын аудандарында, Заречныйда, Тобыл қаласында, Әулиекөл ауданының Құсмұрын  ауылында, Рудный мен Арқалықта “Жайлы мектеп” жобасы аясында сегіз мектеп пайдалануға берілмек.

            “Осы жылы өткен жылдан ауысқан жеті мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Бұдан басқа, 106 білім беру ұйымдарына кішігірім  жөндеу жұмысы жоспарланып отыр.  205,2 млн теңгеге химия, физика, биология тәрізді 16 пәндік кабинеттер мен 1 STEM зертханасы  сатып алынады. Іске асырылып жатқан шаралар он екі мың оқушыны қамтиды. Мың шақты жұмыс орны ашылады. Оқыту және оқу процесінің сапасын арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасалатын болады”, – дейді облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу