Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауын мұқият тыңдап шықтым. Көп нәрсе айтылды. Біз енді ауыл шаруашылығының маманы болғаннан кейін осы салаға қатысты не дер екен деп құлақ түріп отырдық.
Президент субсидияны арзан несиеге ауыстыру қажеттігін айтты. Мұның келісетін де, келіспейтін де тұстары бар.
Мәселен, кез келген несиені алғасын, оны қайтару керек. Ал субсидия қайтарылмайды. Демеуқаржыны қысқарту басқа мәселе. Оны дұрыс айтты. Өйткені, мемлекеттің көмегін алу үшін әлдекімдер жалған көрсеткіш түзеді. Бұл баяғы кеңес заманынан бері келе жатқан дүние. Жағалай жемқорлық жайлап алған. Кішігірім шаруашылықтардың оған қолы жетпейді. Алғандары ақтап жатқан жоқ. Соның кесірінен мемлекет қаржысы “құмға сіңген судай” құрдымға кетеді. Менің ойымша, әлгі субсидияның орнына арзандатылған жанар-жағар май, тыңайтқыш берсе, ол көп пайдалы. Мемлекет басшысы бұрын да 2029 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің түсімін екі есеге дейін арттыруды айтқан еді. Оны қайтып көтеруге болады?
Мәселе мынада: бидайдың түсімі тыңайтқышқа байланысты. Сен қанша жерден ақ тер, көк тер боп, тырбансаң да, ол ешқашан мол өнім бермейді. Ал тыңайтқыш сепсең, тіпті, жауынды-шашынды жылдары бір гектардан кем дегенде 5 центнерден өнім алуға болады. Осы арқылы біз бидайдың да, майлы дақылдардың да өнімін көбейте аламыз. Яғни, мемлекет жанар-жағар май, пестицидтер, минералдық тыңайтқыштар, лизингті қалдыру керек. Қалған субсидияның түкке қажеті жоқ.
Екінші мәселені мен толық қолдаймын. Ана бір жылдары жерді кім-көрінген алды. Бірақ, көбі оны мақсатсыз пайдаланды. Тіпті, игерілмей, бос жатқан алқаптар бар. Ешкімнің әке-шешесінен қалған жері жоқ. Жер – халықтыкі! Жердің иесісің бе, сонда тұратын халыққа дұрыс жағдай жаса.Тұрғындарға мектеп, балабақша, медпункт салып бер. Өкінішке қарай, осыны көп азамат әлі түсінбейді. Көктемде егін сеуіп, күзде орып алады. Бітті. Сонда халық әрі қарай қалай өмір сүреді? Ауылға жол керек, су керек. Басқа да мәселе толып жатыр. Мен сізге мынаны айтайын: анау Астана, Алматыда отырып, осы жақта егін себетіндер бар. Кейбірі жерін жалға беріп қойған. Үстінен процентін алып, шалқып отыр. Бұлай болмайды. Біз мысалы бір ауылды ұстап отырмыз. Онда балабақша да, мәдениет үйі де, ФАП-та, стадион да бар. Хоккей кортын салып жатырмыз. Соның жобалық-құндық құжатын да өз ақшамызға жасаттық. Мұны мен мақтан үшін айтып отырғаным жоқ. Қолыңнан келсе, халыққа жәрдемдес, болмаса жерді мемлекетке қайтар. Мемлекет басшысы осыны меңзеп отыр.
Сайран БҰҚАНОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері