Жас маман ауылды көркейтуге шақырады

Жас маман ауылды көркейтуге шақырады

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен Арқа елді мекеніне келіп жұмыс жасап істеп жүрген жас мамандардың бірі – бестаулық Нұрсұлтан Қаныбеков.

Ол «Алтынсарин» ЖШС-не қарасты екінші бөлімшеде зоотехник болып жұмыс істейді. Нұрсұлтан – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің түлегі, оқу ордасын тәмамдаған соң жолдамамен Арқа ауылына келіпті.

Тіпті, ата-анасын да көшіріп әкелген Нұрсұлтан бастапқыда агроном мамандығына барғысы келген екен. Оған шаруашылық басшылығы ауылда агроном жеткілікті деп, зоотехник мамандығына баруға кеңес беріпті. Осылайша өзі де, бірге жүрген досы да мал шаруашылығы мамандығында білім алып шыққан.

– 2018 жылы осында практикадан өтуге келгенмін, содан бері зоотехник болып істеп жатырмын. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ ветеринария факультетінде оқыдым. Ең басында бұл жұмыс маған келмейді, істей аламын ба деген ой болды. Қалай оқу бітіріп, жұмысқа деген ынтам оянғаннан кейін өзіме ұнай бастады, үйреніп кеттім. Шыны керек, қазір ұнайды. Жұмыскерлермен де тіл табысып кеттім. Осында үй берді, барлық қажетті көмекті алдым. Ата-анамды осында көшіріп әкелдім. Қазір ауылда еңбек етемін деген жас маманға мемлекеттен берілетін көмек көп. Жалақым да жоғары. Малды азықтандыру жағын қадағалаймын. Бір ірі қара мал тәулігіне, айына қанша тамақ ішеді, соны бөліп есептеймін. Мәселен, бір кешенде 200 бас қара мал болса, күніне қанша келі жем кетеді, соның шығынына жауаптымын. Осы есепті шаруашылық меңгерушісіне беремін. Ол соны өлшеп малшыларға бөліп береді. Әрі айдың он бесі мен он сегізі аралығында малдың салмағын өлшейміз. Мәселен, жаңа туған бұзау қанша келі болды, бір айдан кейін қанша салмақ қосты, соны есептейміз. Айына бұзаулар 25 келіге дейін қосады. Жұмыс кестесі таңғы 8-ден кешкі 18.00-ге дейін. Қазір мал шаруашылығы кешенінде жүз бас бұзау бар. Сиыр төлдегеннен кейін бұзауын бірден жылу лампасының астына апарып қоямыз, – деген маман машықтанған адам үшін бұл еш қиындығы жоқ кәсіп екенін айтады.

Ауыл зоотехнигінің сөзінше, бағдарламаның ең басты артықшылығы – мемлекеттің жас мамандарды баспанамен қамтамасыз етуі.

– Мемлекет тарапынан ең басында қайтарымсыз жәрдемақы деген болады, соны алдым. Мен ауылға келген кезде, яғни төрт жыл бұрын оның мөлшері 291 мың теңге болған еді. Содан кейін пайыздық мөлшерлемесіз баспана алдым, – дейді зоотехник.

Сондай-ақ, ол ауылға барып жұмыс істеуге түрткі болған бірнеше жайттарды атады.

– Бірінші кезекте – баспана мәселесі мені қатты қызықтырды. Екіншіден, тәжірибені ауылдан жинайын деп шештім. Үшіншіден, қор жинағым келді. Негізі қазір ауыл-қала болып бөлінгенімен, қаладағы бар нәрсе ауылға да тікелей жетіп отырады. Сондықтан ондай ауыз толтырып айтатындай айырмашылық жоқ десем болады. Ауылдық жерде жұмыс істегеннің тағы да бір артықшылығы – жақсы жұмыс істесеңіз жалақыңызға 10-20 пайыз үстемақы қосылады. Мемлекет аталмыш бағдарлама аясында ауылға аттанған жас мамандарды осылай қолдауда. Бұған қоса, жыл сайын біліктілігіңізді арттыру курстарын өтіп, тағы да жалақыңыздың көлемін ұлғайта аласыз,  – деді жас маман.

Малды, соның ішінде жылқыны жақсы көремін деген Нұрсұлтан бос уақытында атқа мінгенді ұнатамын дейді. Әзірге қалаға көшетін жоспарым жоқ деген мал шаруашылығы маманы жастарды ауылда жұмыс істеуге шақырды.

– Ауылды біз дамытпағанда кім дамытады? Жаңадан өсіп келе жатқан ұрпақтарды ауылды көркейтуге шақырамын, – дейді ол.

Әйгерім МҰРАТБЕК,
ҚӨУ студенті
Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Қамысты ауданы

Жаңалықтармен бөлісу