Облыс орталығында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қасбеттерді жөндеу және көппәтерлі тұрғын үйлерді сәулеттік жарықтандыру бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Дәл осындай көрнекі ақпараттар да қалыпқа келтіріліп жатыр. Көрнекі ақпарат құралдарын жаңарту туралы Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Олжас Дүйсеков айтып берді.
Балалар мен спорт алаңдарын, аула аумақтарын абаттандыру, сондай-ақ көше жарығын жаңарту жалғасуда. Сондай-ақ, сыртқы жарнаманы жаңарту талабы абаттандырудың ажырамас бөлігі . бүгінде облыс орталығында 200-ден астам жарнамалық конструкциялар орналасқан.
«2022 жылдан бастап қалалық әкімдікте жарнамаларды ретке келтіру үшін көрнекі ақпарат құралдарының иелерімен бірқатар кездесулер өткізілді. Кәсіпкерлерге құрылымдардың қазіргі жағдайы белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні туралы үнемі ақпарат беріледі. Негізгі бұзушылықтар – тіректердің бүлінуі, түнгі уақытта дұрыс жарықтанбауы, бетон негіздерінің бұзылуы, сондай-ақ зақымдалған немесе өңсіз жарнамалық кенептер. Тек 2024 жылы жарнама агенттіктеріне 100-ден астам бұзушылық туралы хабарлама жіберілді. Қала әкімдігі заманауи талаптарға жауап беретін конструкцияларды жаңғырту жөніндегі шешімдерді әзірлеу үшін жарнама агенттіктерінің өкілдерімен бірлесіп жұмыс жүрізуде», – дейді Олжас Дүйсеков.
Десе де, жыл бойына жарнама агенттіктері жаңғырту бойынша ешқандай жұмыстар атқармаған. Екі жыл бұрын қала әкімдігі жер телімдерін жалға беру уақытын ұзартпау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, осы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша сот-шағым жұмысына кірісті.
«Мәселен, сот сатысында 17 жер теліміне қатысты іс қаралды. Оның 15-і қала әкімдігінің пайдасына шешілді. Ал екі жер бойынша сот талқылауы жүріп жатыр. Мәселен, бүгінгі күні осы жарнамалық конструкциялар, атап айтқанда, Летунов – Л.Беда, Алтынсарин – Гоголь, әл-Фараби – Темірбаев, Мәуленов – Уралский, Алтынсарин – Пушкин, Абай – Тәуелсіздік, Тәуелсіздік – Қозыбаев көшелерінің қиылысында, «12 месяцев» дүкені жанында және жоғарыдағы көшелер қиылысында орналасқан. Бұдан басқа, мониторингтік топ орналастыру үшін заңды негіздері жоқ жарнамалық конструкцияларды анықтады, яғни жерді өздігінен тартып алу жүзеге асырылды», – дейді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы.
Кейінгі үш жылда барлығы 24 жарнама тақтайшалары алынып тасталған. Сондай-ақ, қазіргі уақытта он бес жарнама тақтасы бөлшектелініп жатыр. Жарнамалық құрылымдарды орналастыру үшін жер учаскелерін заңсыз иемдену жағдайы анықталып жатыр. Бұл бағытта жұмыс жаласатынын жеткізді.
«Айта кету керек, бұл жұмыстың мақсаты барлық жарнамалық құрылымдарды бұзу емес. Көрнекі ақпарат құралдарын жаңғырту, қала ішіндегі үлкен жарнама тақтайшаларын, LED-экрандармен және басқа да заманауи көрнекі ақпарат құралдарымен ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Заманауи жарнама тақтайшаларын Алтынсарин-Пушкин, Тәуелсіздік-Дулатов, Назарбаев-Дөненбаева көшелерінің қиылысынан байқауға болады» – дейді Олжас Дүйсеков.
LED-экрандарды орнатумен айналысатын ұйым жақын арада осындай бес құрылымды Абай-Тәуелсіздік, әл-Фараби-Абай, Гоголь-Абай, Толстой-Абай қиылысы және Тобыл қаласының айналма ауданындағы қалаға кіреберіс жол бойына орнатуды жоспарлап отыр. Ішкі саясат бөлімі кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген – Жансая СӘБИТБЕК