Жанкелдин ауданында Мәдениет және өнер қызметкерлері күні салтанатты түрде аталып өтті

Жанкелдин ауданында Мәдениет және өнер қызметкерлері күні салтанатты түрде аталып өтті

Биыл Жанкелдин аудандық мәдениет бөлімі үшін мазмұны терең, жетістігі мол жыл болды. Алаш көсемі, ұлт ұстазы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы аясында аудан өнерпаздары елорда Астана мен Қостанай қалаларында мәдени-рухани іс-шаралар өткізіп, халықтың рухын көтеруге үлкен үлес қосты.

Мәдениет майталмандарының еңбегі биылғы жылы да жоғары бағаланды. XXXVII облыстық “Өнеріміз саған, Қазақстан!” байқау-фестивалінде Жанкелдин ауданы жүлделі III орын иеленіп, 1 миллион теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды. Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан аудан өнерпаздарына алғыс хаттар табысталды.

  Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Жанкелдин ауданында салтанатты жиын ұйымдастырылды. Іс-шара барысында аудан әкімі Дінмұханбет Бидашев құттықтау сөз сөйлеп, мәдениет және өнер саласында еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлерге марапаттар табыс етті.

Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің әдістемешісі Гүлсезім Раисова, Көкалат ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ақбаян Қапар, Болат Хамзин атындағы өнер мектебінің би бөлімінің ұстазы Томирис Ақтас аудан әкімі алғыс хатымен марапатталды.

Сала ардагері Қарлыға Бірмағанбетоваға «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісі, Ақшығанақ ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Марат Гаюпов пен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Венера Батыроваға «Еңбек даңқы» төсбелгісі тағылды. Торғай мұражайлар кешенінің қызметкері Бақытқали Төлегенұлы «Ерең еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Сонымен қатар, Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты кешке арнайы концерттік бағдарлама ұсынған Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектеп ұжымына алғыс хат пен 50 000 теңге көлемінде сертификат табысталды.

Мерекелік кеште Батырлан мен Фариза есімді жүргізушілер шараға сән беріп, мәдениет саласының қадір-қасиетін айшықтайтын мазмұнды сөздерімен көрермендерді тәнті етті.

Жанкелдин ауданы