“Жаңа Қазақстан” мен “зорлық-зомбылық”: Қазақстандықтар 2023-тің жыл сөзін таңдады

“Жаңа Қазақстан” мен “зорлық-зомбылық”: Қазақстандықтар 2023-тің жыл сөзін таңдады

Әлемдік сарапшылар 2023 жылы өзекті болған және жиі айтылған “жыл сөзін” анықтады. Коллинз сөздігі бойынша “AI” термині, яғни жасанды интеллект “жыл сөзі” ретінде танылcа, Швейцария мен Қытайда “ChatGPT” сөзі танымалдыққа ие болды. Кембридж бен Merriam-Webster сөздігі жасанды интеллектке байланысты “галлюцинация” және “шынайы” сөздерін таңдаса, Германия “дағдарыс режимі”, Жапония “салық” сөзін ұсынды. Осы тұста Stan.kz 2023 жылдағы көп талқыланған “жыл сөзін” анықтау үшін қазақстандықтар арасында сауалнама жүргізген болатын. Көпшіліктің таңдауы “Жаңа Қазақстан” мен “зорлық-зомбылық” сөздеріне түсті.

Instagram желісінде жүргізген сауалнамада көпшіліктің “Жаңа Қазақстан”, “зорлық-зомбылық”, “Оян Қазақ!”, “жасанды интеллект”, “соғыс” сөздерін таңдағанын байқауға болады. Сонымен қатар олардың арасында әлеуметтік желіде трендке айналған “Білгенін істеп жатыр”, “Не стоит температурить Джеки Чан”, “Чушпан” сөздері бұған қоса соңғы кездері көптің талқысына түскен “мәһр” сөзі де кездеседі.

Осы тұста қай сөздің жыл сөзіне лайық екенін білу үшін сарапшы мамандардың пікірін сұрап көрдік.

Белгілі саясаткер Дос Көшімнің сөзінше, жыл сөзіне “Жаңа Қазақстан” әбден лайық.

“Себебі билікке міндетті түрде бір ұран керек. Кеңес үкіметінен бері келе жатқан ұраншыл елміз. Бір қауымның көлеңкесіндегі халыққа белгілі бір жолды ұстанған демогогиялық ұранның бір түрі. Бұл сөз – идеологиялық құрал. Идеология екі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі, биліктің істеп жатқанының бәрі рас. Екіншісі, президент ең ақылды деген. “Жаңа Қазақстан” сөзі екеуіне де сай келеді”, – деді саясаткер.

Ал журналист Жалғас Ертайдың айтуынша, “зорлық-зомбылық” сөзі 2023 жылы өзекті тақырыпқа айналып, қызу талқыға түскендіктен жыл сөзі атануына толықтай негіз бар.

“Жыл сөзіне “зорлық-зомбылық” деген сөзді ұсынар едім. Себебі биыл мұндай қайғылы оқиғалар өте көп болды. Сондай-ақ көп талқыға түсті”, – деді журналист.

Ал лингвист Бибарыс Сейтақтың ойынша биыл талқыланған сөздер – “Оян, қазақ!”, “зорлық-зомбылық”, “отарсыздану”.

“Жыл сөзін анықтау үшін арнайы статистика жүргізген дұрыс. Жыл сөзі жыл оқиғасына айналып кетпеуі керек. Биыл елеулі оқиғалардың төңірегінде “Оян қазақ!” сөзінен бөлек “жасанды интеллект” сөзі де көп талқыға түсті. Ауа райы да жұрттың аузынан түспеді. Сол себепті “Оян, қазақ!”, “аптап”, “отарсыздану” сөздерін ұсынамын”, – деді лингвист.

Айта кетейік, “Жыл сөзі” науқанын алғаш рет Германиядағы неміс тілі қоғамы 1971 жылы өткізді. 1977 жылдан бастап жылдың лингвистикалық символы жүйелі түрде таңдала бастады. Кейінірек бұл акцияға басқа неміс тілді елдер де қосылды.

Американдық диалектологиялық қоғам 1991 жылдан бері ағылшынның жыл сөздері мен өрнектерін атап өтеді. 2000 жылдардан бастап Oxford University Press және Merriam-Webster, Inc баспалары анықтап келді. Ал қазір ағылшын тіліндегі жылдың сөздерін Collins Dictionary, Cambridge Dictionary және Dictionary.com сияқты сөздіктер басып шығарады.

Stan.kz

Жаңалықтармен бөлісу