Жаңа ойыншылар команда құрамын толықтырды

Жаңа ойыншылар команда құрамын толықтырды

Қостанайдың “Тобыл” футбол клубы үшін жаңа маусымға дайындық басталып кетті. Күні бүгінге дейін клуб бірнеше ойыншымен келісімге келді. Роман Асранкулов туған клубымен екі жылдық жаңа келісім-шартқа отырды. Қорғаушы негізгі құрамда алғаш рет 2020 жылдың наурыз айында Қарағандының «Шахтеріне» қарсы ойнады.

2023 жылғы маусымда Асранкулов барлық турнирде 24 матчта алаңға шығып, УЕФА Конференция Лигасының «Дерри Ситиге» қарсы кездесуінде гол соқты.

Стас Покатилов – «Тобыл» ойыншысы атанды. Футболшымен келісім 2024 жылдың соңына дейін есептелген.

Әр жылдары қақпашы «Ақжайық», «Шахтер», «Қайрат», сондай-ақ ресейлік «Ростов» командаларында ойнады. Покатилов бұған дейін «Ақтөбе» намысын қорғады. Өткен маусымда ол чемпионатта 28 ойын өткізіп, қақпасын он рет «құрғақ» ұстады. Қазақстан құрамасы үшін Стас 26 матч өткізді. Сонымен қатар, Покатилов 2015 жылғы Қазақстан Премьер-Лигасының үздік қақпашысы атанған.

Қазақстан жастар құрамасының жартылай қорғаушысы  Нұрғайни Бөрібаев  маусымаралық кезеңде қостанайлықтардың құрамын толықтырды.

Нұрғайни мансабын 2018 жылы Екінші лигада «Астана Ж» сапында бастады. 2020 жылы «Оңтүстік академиясы» клубының қосалқы құрамында ойнады. 2021 жылдың басында ол «Тұранға» ауысты. Сол жылдың 19 сәуірінде «Каспий» клубына қарсы ойында Қазақстан Премьер-лигасында дебют жасады. 2022 жылғы маусымда «Оқжетпеспен» келісім-шартқа қол қойды. Бөрібаев Қазақстан жастар құрамасы сапында 6 матчта алаңға шықты. 21 жастағы футболшының Қостанай клубымен келісімі 3 жылға есептелген.

«Тобыл» команданың жартылай қорғаушысы Жаслан Жумашевпен еңбек шартын екі жылға ұзартты.

Жумашев Премьер-Лигада 2020 жылы негізгі команда құрамында дебют жасады. Барлығы сары-жасылдар құрамында ол 52 матч өткізіп, 6 гол соқты.

Хавбекпен жаңа еңбек келісімі 2025 жылдың соңына дейін есептелген.

“Тобыл” футбол клубы

Жаңалықтармен бөлісу