Биыл Арқалық қаласында қар суы үйлеріне кіріп, көптеген тұрғынның баспанасы тұруға жарамсыз болып қалды. Жапа шеккендердің бірі – Родина ауылындағы Энтузиастер көшесінің тұрғыны Бибімәрия Біркенова.
Жалғызбасты ананың үйінің құжаты болмағандықтан, мемлекет қаржысына үй сатып әперуге заң аясында мүмкіндік болмады. Дегенмен ол кісіге дер кезінде көмек көрсетіліп, қалалық «Жүрек жылуы» қорынан 4 миллион 500 мың теңгеге Родина ауылынан 5 бөлмелі үй сатып әперілді. Үш бала тәрбиелеп өсірген жалғызбасты ана отбасына көрсетілген жәрдем үшін алғысын жеткізді.
«Үйімізге су кіріп, барар жеріміз болмай қалғанда қала басшылығы көмек қолын созып, уақытша тұру орынына паналатып, азық-түлік, киім-кешекпен жәрдемін берді. Екі айға жуық жағдайымызды жасап, міне, бұзылған үйіміздің орнына жақсы баспана сатып әперді. Ұлым мен келінім қолымда тұрады. Екі немерем бар. Баспаналы болғанымызға қуаныштымыз. Үйіміз жақсы. Ауласы да кең, қора-қопсы, бау-бақшасы бар. Президентімізге, облыс, қала басшылығына, Родина ауылдық округінің әкіміне шын жүректен аналық ақ алғысымды білдіремін», –дейді жаңа қоныс иесі Бибімәрия Біркенова.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ,
Суреттерді түсірген – автор