Ынтымақтастық жемісі

Ынтымақтастық жемісі

ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының 21-24 тамыз аралығында Қостанай облысындағы күндері өтті. Іс-шараның алғашқы күнінен медорталықтың Астана мен Алматыдағы орталық клиникалық аурухананың 32 жетекші маманы өңір тұрғындарына прктикалық және консультациялық-әдістемелік көмек көрсетті. Үш күннің ішінде 19 ота, 20 шеберлік сағаты және 60-тан аса кеңес берген.

Іс-шараның соңғы күні Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жасалған келісім қала тұрғындарына дәрігерлердің тегін консультацияларын, санаторийлік-курорттық емдеу және медициналық оңалту қызметтерін алуға, қажет болған жағдайда ауыр науқастарды емдеуге мүмкіндік береді.   Сондай-ақ, ортақ келісім өңірдің медицина қызметкерлеріне инновациялық технологияларды оқыту, ауруларды диагностикалау, емдеу мен оңалту, сондай-ақ жаңа медициналық технологияларды еңгізу саласында тәжірибе алмасуды көздейді.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Медициналық орталық ауруларды емдеу мен диагностикалауда қолданылатын жаңа технологиялар мен жоғары сапалы медициналық қызметтердің оларда да қол жетімді болатынына сенім білдірді.

– ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының өкілдерімен маңызды мәселелер туралы келістік. Ең жақсы тәжірибе жинақтаған медициналық орталық дәрігерлерімізге озық технологияларды үйрететін болады. Ендігі біздің міндетіміз – денсаулық сақтау саласын айтарлықтай жақсарту. 2023-2024 жылдарға 25 Денсаулық сақтау нысанын салу жоспарлануда, оның ішінде биыл 6 нысан пайдалануға беріледі. Жаңа медициналық жабдықтар сатып алынады. Осы мақсаттарға биыл 105,2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы былтырғымен салыстырғанда 22 пайызға артық. Алдағы уақытта қаржыландыру көлемі ұлғаяды, – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсалақов.

Медициналық орталықтың мамандары өз білімдері мен тәжірибелерімен бөлісе отырып, аймақ медицинасының дамуына зор үлес қосты. Өз кезегінде, ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы мұндай сапарлар Қазақстанның әрбір азаматы қолжетімді, әрі сапалы медициналық көмек алуы үшін облыстық ауруханалар мамандарының біліктілік деңгейін арттыруға көмектесетінін атап өтті.

– Медициналықорталық қызметінің аясында білім беру, ғылыми зерттеулер, санитариялық-эпидемиологиялық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ денсаулық сақтау саласында инновациялық әдістерді іздеу және енгізу саласында түрлі жобалар іске асырылуда. Бүгінгі қол қойылған меморандум шеңберінде облыс әкімдігімен бірлесіп, жол картасы әзірленетін болады. Оның негізінде біз бірнеше жыл бойы өңірде денсаулық сақтауды дамыту бойынша белгіленген жоспарларды іске асырайтын боламыз, – деп Алексей Цой жоспарымен бөлісті.

Медициналық орталықтың 32 жетекші маманы (нейрохирург, травмотолог, аритмолог, гинеколог және т.б.) «ҚР ПІБ Медициналық орталығы күндері» аясында Қостанай облысының тұрғындарына практикалық және консультациялық-әдістемелік көмек көрсетті.

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу