Ұлттық құрылтайда Қостанай облысына қатысты ауқымды жобалар айтылды

Ұлттық құрылтайда Қостанай облысына қатысты ауқымды жобалар айтылды

Ұлттық құрылтай отырысы аясында Мемлекет басшысы ағымдағы кезеңде мемлекеттің бірінші кезектегі міндеттері – бұл өңірлердің экономикалық өсуінің жаңа бағыттарын ашу және өңірлік дамудағы теңгерімсіздіктерді жою екенін атап өтті.

Қостанай облысына қатысты аукымды жобаларды айтып өтті: ағымдағы жылы экономиканың нақты секторын қаржыландыруды екі есеге жуық, 8 триллион теңгеге дейін, нақты секторды қорландыру көлемін – 10 триллион теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда.

Бұдан басқа, өңірлерде бірқатар инфрақұрылымдық объектілерді іске қосу жоспарланған: Қашағанда газ өңдеу зауыты, «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбыры, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші тізбегі, Қызылорда мен Түркістан облысындағы бу-газ қондырғылары базасындағы электр станциялары, «Кендірлі» курорттық аймағындағы тұщыландыру зауыты, Қарағанды мен Екібастұздағы ферроқорытпа зауыттары, Жамбыл облысындағы минералды тыңайтқыштар өндіру жөніндегі химиялық кешен, Алматы және Қостанай облысындағы автомобиль зауыттары, Ақтаудағы контейнерлік хаб, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аумағында халықаралық әуежай, Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарындағы әуежайлар.

– Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жобаны іске асыруды бастау туралы жариялағым келеді. Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы өтіп, Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тікелей шығатын автокөлік жолының құрылысын бастау тапсырылды. Жаңа магистраль елдің орталық және батыс өңірлері арасындағы жолды 560 шақырымға қысқартады. Бұл – бүкіл Торғай өңірінің дамуына серпін беретін ауқымды жоба, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Арқалықта әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал кешенін салу қажет.

– Мұның бәрі елдің көлік байланысын нығайтып қана қоймай, Орталық Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға ықпал етеді. Бізде мұндай жобалар аз емес: машина жасау, металлургия, мұнай-химия, агроөнеркәсіп және көлік-логистика салаларында, – деп түйіндеді Президент.

Бибігүл Аққожина,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты 

 

Жаңалықтармен бөлісу