Туберкулез: жұқпалы аурудың алдын алу және сақтану шаралары

Туберкулез: жұқпалы аурудың алдын алу және сақтану шаралары

Туберкулез – бұл өкпе және лимфа түйіндерінде ерекше қабыну өзгерістерінің пайда болуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Алайда, бұл тек өкпе ауруы ғана емес, сонымен қатар адамның басқа да ағзаларына – сүйектерге, бүйректерге, ми мен ми қабықтарына, теріге, көзге және басқа мүшелерге әсер етуі мүмкін. Дегенмен, өкпе туберкулезі ең жиі кездесетін түрі.

Туберкулез қалай жұғады?

Туберкулездің негізгі жұқтыру көзі – ашық түрімен ауыратын, яғни сыртқы ортаға микобактерияларды бөлетін науқас адам. Бұл ауру адамнан адамға ауа арқылы таралады. Туберкулезбен ауыратын науқас жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде ауаға бактерияларды шығарады. Басқа адамдар осы бактериялар бар ауаны жұтқан кезде ауруды жұқтыруы мүмкін.

Туберкулез қоздырғыштары сыртқы ортада ұзақ уақыт өміршеңдігін сақтай алады. Мысалы, бактериялар тозаңданған немесе ылғалды жерлерде жылдар бойы тіршілік етуге қабілетті. Сондықтан туберкулездің алдын алу үшін науқас өмір сүретін ортада санитариялық жағдайларды қатаң сақтау қажет.

Туберкулез тұқым қуалай ма?

Туберкулез тұқым қуаламайды. Егер ата-анасы туберкулезбен ауырса да, балалар сау болып дүниеге келеді. Алайда, науқас ата-аналар қажетті сақтық шараларын сақтамаса, балаға жұқтыру қаупі жоғары болады.

Туберкулез ауруының дамуына әсер ететін факторлар

Туберкулезді жұқтырған адамның барлығы бірден ауырмайды. Аурудың дамуы ағзаның қорғаныс қабілетіне байланысты. Төмендегі факторлар туберкулездің дамуына ықпал етеді:

1. Толыққанды тамақтанудың болмауы

2. Туберкулезбен ауыратын адамдармен ұзақ және тығыз қарым-қатынас жасау

3. Маскүнемдік

4. Темекі шегу

5. Нашақорлық

6. Қант диабеті, асқазан жарасы, өкпенің созылмалы аурулары сияқты ілеспе аурулардың болуы

 

Туберкулездің негізгі белгілері

Туберкулездің алғашқы кезеңдері жеңіл белгілермен өтеді, сондықтан оны анықтау қиын болуы мүмкін. Дегенмен, төмендегі белгілер пайда болса, дереу дәрігерге қаралу қажет:

1. Ұзақтығы екі аптадан асатын жөтел

2. Шаршау және әлсіздік

3. Дененің салмағының төмендеуі

4. Дене температурасының ұзақ уақыт көтерілуі

5. Түнде шамадан тыс терлеу

6. Кеуде қуысындағы ауырсыну

7. Қан түкіру

 

Туберкулездің алдын алу шаралары

Туберкулездің алдын алу үшін бірнеше маңызды ережелерді сақтау қажет:

1. Салауатты өмір салтын ұстану. Күн тәртібін құру, ағзаны шынықтыру, жеткілікті демалыс пен дұрыс тамақтану иммунитетті нығайтады.

2. Таза ауада жиі серуендеу. Күн және су процедуралары, дене шынықтырумен айналысу туберкулезден қорғануға көмектеседі.

3. Жеке гигиена ережелерін сақтау. Қолды жуу, ыдыстарды таза ұстау, тұрғын үй-жайларды ылғалды тазалау және желдету өте маңызды.

 

Нұрислам Закиров,

эпидемиолог дәрігер

Фото

 

Жаңалықтармен бөлісу