Тіл қадірін түсінсек екен

Тіл қадірін түсінсек екен

Қазіргі таңда халқымызды өте қатты ойландырып жүрген түйткіл – мемлекеттік тіл мәселесі. «Тілі жойылған халықтың ертең өзі де жойылады» депті даналар. Бүкіл жер бетінің ұлылары айтып келе жатқан қағида әрі шындық.

Осы жерде әйгілі тұлға Индира Гандидің бір сөзін мысалға келтіре кетейін:

«Мен көптеген шет елдерде оқыдым. Сонда бір байқағаным, өз тілін құрметтемейтін, туған жерін сүймейтін, Отанын ойламайтын адамдарды көргенде көз алдыма жануарлар мен хайуандарды елестеттім», – деген екен.

Мемлекеттік тіл туралы заңымыз бекігеннен кейін қазақша сөйлей алмайтын және шала сөйлейтін азаматтар мен азаматшаларға еш ауыртпалық салмай, көмектесуіміз керек. Әрбір мекемеде құжаттар дайындағанда, әртүрлі жұмыс барысында сұрақтарына жауап беріп, жаза алмай жатса, жазуға көмектесіп отыруымыз қажет. Одан бөлек, әрбір мекемеде, төменгі-жоғарғы оқу орындарында, мектептерде тіл үйрену курстары болуға тиіс. Қысқаша айтқанда, Германияның тіл үйрету әдістемелік жүйесіне бағыттап, жұмыс істесек, жемісін беретіні анық.

Осылай шалажансардың күйін кешкен қайран бай, тамаша, сұлу тілімізді сақтап қалар едік. Бүгінде ата-бабамыздан келе жатқан тілімізді өз жерімізде мынау буырқанған өмір тіршілігіміздің басты құралы етіп пайдалана алмасақ, ертеңіміздің бұлдыр сағым болғаны деп санаймын. Егер шындап жұмыс істесек, 2-3 жылда бүкіл еліміз сөйлеп кететін тіл ғой.

Алыстағы шетелдіктер үйреніп жатқанда, өз елімізде өз тілімізде сөйлемеу нағыз мәңгүрттік пен санасыздық деп білемін. Заңымызда мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп тайға таңба басқандай жазылған. Осының өзі қазақ тілінің мәртебесін айқындап тұр емес пе. Ендеше неден тартынамыз? Шынын айту керек, біз көп жерде орыс тілінде сөйлеп, орысша іс-қағаз жүргізіп, өзіміз артқа тартып отырған сияқтымыз. Меніңше, мемлекеттік тілге заң арқылы қажеттілік туындату керек. Бұл жерде ешқандай ұлтшылдық және теріс пиғылды саясат жоқ. Тек алдымызда шын мәнінде толыққанды мемлекет болу мақсаты тұр.

Құрметті ағайын! Көш бастаушы ежелгі халық екенімізді ешқашан есімізден шығармайық. Өткен ғасырлардағы ата-бабаларымыздың тарихы қандай мықты, рухты, мәдениетті болған. Қазір тарихи шешуші ғасырда тұрмыз. Сондықтан бір-бірімізбен міндетті түрде өз тілімізде сөйлеп, өскелең ұрпаққа үлгі болайық демекшімін. Әйтпесе, өзге ағайындар мемлекеттік тілімізді кімнен үйренбек? Өз тілімізді өзіміз білмей, сөйлемей жүріп, кімге ақыл айтқандай боламыз?! Еврей халқы 2000 жыл ұмыт болып кеткен ежелгі тілін тірілтіп алды. Ал біз болсақ, мынау ашық заманда өз табиғи тілімізде сөйлей алмасақ, тіршілігімізге қолданбасақ, сонда кім болғанымыз?

Тіліміз үшін қатты уайымдаймын. Егер түбі тілден айырылып қалсақ, әрине сөзсіз халықтығымыздан, елдігімізден айырламыз. Әрине мұндай жағдайға жетпеспіз, соңымызда тамаша, саналы, білімді, ұрпақтар өсіп келе жатқанда. Ұлы жаратушы тәңірдің, ата-баба рухының алдында, өскелең ұрпақтың және бүкіл әлемнің алдында ұятқа қалып, масқара болмаспыз. Жастарымыз қоғамның көп саласында алға қарай даму жолында кетіп барады. Білім-ғылым, спорт, өнер, музыка, т.б салаларда. Бұл өте қуантарлық жағдай. Енді сол жастарға ел ішінде жағдай жасалып, жол ашылса ойлаған арманымызға жетер едік.

Мұхамбетқали РАХАЛИЕВ