Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық домбыра күніне арналған құттықтауы – ұлттық мәдениетімізге берілген үлкен бағамен қатар, бүгінде барша жұртты біріктіретін ортақ рухани кеңістікті айқындайтын терең мазмұнды үндеу болды. Президент өз сөзінде домбыраны халқымыздың болмысымен, тарихымен, жүрек лүпілімен байланыстыра отырып, оны ұлттық бірегейлігіміздің ажырамас бөлігі ретінде көрсетті.
Қазіргі таңда домбыра тек қазақтың ғана емес, Қазақстанды ортақ Отаным деп білетін барлық ұлт өкілдерінің жүрегінен орын тауып келеді. Қостанай өңірінде орыс, неміс, татар, корей және басқа да этнос өкілдері домбыра үйреніп, күйлерді орындап, ұлттық мерекелерде өнер көрсетуде. Бұл – еліміздегі достық пен татулықтың, мәдениеттер тоғысының айқын көрінісі.
Тіпті, шет мемлекеттерде де қазақтың қос ішекті қара домбырасына деген қызығушылық артып келеді. Әлеуметтік желілер мен интернет дүкендер арқылы АҚШ, Түркия, Канада, Жапония сияқты елдерге домбыра сатып алушылар қатары көбеюде. Кейбір шетел азаматтарының ұлттық аспабымызда ойнап, қазақ күйлерін орындауы – ұлтымыздың бай мұрасын жаһанға танытып қана қоймай, өнер арқылы адамзат баласын жақындастыратын ізгі күштің дәлелі.
Домбыра – татулықтың үнін тербетіп, бейбітшілікке шақыратын аспап. Ол халқымыздың тарихын әуенмен өріп, болашағына үмітпен қарауға үндейді. Ұлттық домбыра күні дәстүрлі өнерді дәріптейтін мереке ғана емес, еліміздің әр өңірінде, әр отбасында ортақ құндылықтарды ұлықтайтын күнге айналып келеді.
Жаңбыршы ТҰҚАТҰЛЫ,
Рудный қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы,
мемлекеттік қызмет ардагері