Құзырлы орындар 14 наурыздан бері 94 өтініш қабылдап, жетеуін растамады. Соңғы тәулікте төрт арыз-шағым түскен. Бұл туралы Қостанай қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Өтініштер қала көшелерінде судың жиналуы және қарғынның аулаларға жақындауына байланысты туындауда.
Қала сыртындағы алқаптарда қар жамылғысының 90%-ы еріп кеткен. Тек ойпаттар мен орман алқаптарында қасат қар жатыр.
Қалада «Қостанай-2», «Дружба» шағын ауданы, «Дорожник» саяжай қоғамы, «Текстильщик» және «Садовод» алаптарында тәулік бойы гидробекеттер жұмыс істеп тұр. Қалалық қызметтер күшейтілген режимде кезекшілік атқаруда. Негізгі күштер су тасқынының алдын алуға және су басу қаупі бар аймақтарды үнемі бақылауға бағытталған, – делінеді хабарламада.
Қазіргі уақытта тұрғын үйлерді қорғау үшін 1900-ден астам құм салынған қаптар төселіп, 216 арнайы техника жұмылдырылған. Су үш су бұру арнасы, алты сай және 100,6 км нөсерлік желі арқылы кедергісіз ағып жатыр. Коммуналдық қызметтер сағат сайын мониторинг жүргізу үстінде.
Әлеуметтік жағынан осал азаматтарға көмек көрсету де жалғасуда. Коммуналдық қызметкерлер, құтқарушылар, еріктілер және ІІМ Академиясының курсанттары аулалар мен үй маңын қардан тазартуға көмектесіп жатыр. Жалпы, осы жұмыстарға 680 адам тартылған.
Жағдай жіті бақылауда ұсталып отыр.
Гүлназ Өмірзақ,
ҚӨУ студенті