Шығыс-тибет медицинасы 5-7 ғасырларда кең тараған. Онда адам бойындағы сырқатты тамыр басу, ине салу секілді тәсілдермен емдейді. Тибет емі бойынша тамыр ұстаудың 124 түрі бар. Соны меңгерген емші аурудың шығу себебін бірден анықтайды.
Ал, біздің кейіпкеріміз Тобыл-Торғай өңіріне белгілі емші, дәрігер Марат Ахметқазыұлы Шотаев тамыр ұстау әдісінің 80 түрін біледі. Ол Шығыс-тибет медицинасын 90% меңгергенін айғақтайды.
Білікті дәрігердің айтуынша, қазақта да тамыр ұстап емдейтіндер болған екен. Оларды тамыршылар деп атаған. Қазір ондай емшілер жоқтың қасы. Себебін ағамыз айтып берді.
– Тибет медицинасы көне қытай мен үнді медицинасынан бастау алады. Бұл медицинасы түрі адамның барлық дене мүшесін бір көреді. Ағзаны бір-бірінен ажыратпайды. Мен институтта оқып жүргенде батыс медицинасын оқытты. Шығыстың батыстікінен айырмашылығы осында. Мысалы, ағзада бір ауру пайда болса, ол барлық мүшеге әсер етеді. Тибет мидицинасы дененнің толық бөлігін емдеу арқылы жазып шығады. Адам энегиясын қалыпқа келтіру қажет. Адам жаратылысынан өзін-өзін емдеуге, реттеуге бейімделген. Пенде бойында “өмірлік қуат” энергиясы жүреді. Оны тибеттіктер “чи” дейді. Адамның денесіндегі қуат 2 сағат сайын 12 меридианмен жүріп тұрады. Дененің әр жерінде энергия түрлі өзгеріске ұшырауы мүмкін. Оған дененің бір бөлігіндегі асқыну себеп болуға тиіс. Оны дененің нүктелеріне ине салу арқылы қалыпқа келтіреміз, шөп-дәрі береміз, – дейді Марат Шотаев.
Өмірлік қуат адамға ата-анасынан, ауадан, тамақтан, космостан беріледі екен. Қоршаған ортаның да әсері мол. Егер сіз энергиясы жаман адаммен әңгімелесіп қалсаңыз, күні бойына еш нәрсеге зауқыңыз соқпауы ықтимал. Ал, жақсы кісіге жолықсаңыз, күш-қуат жинайсыз. Ерекшелігі тамыр ұстау арқылы ауру түрін анықтауда. Қазақта да тамыршылар болған. Өзімнің басымнан бір жағдай өткен. 12 жасымда себепсіз жүре алмай қалдым. Әкемнің апармаған жері қалмады. Содан Анам Сарыкөл жақта тұратын Тілеміс деген емшіге алып келді. Барсақ, үйінде жоқ екен, әйелі ғана отыр. Кемпірі күте тұрыңдар ол үйге біреу келетін болса, өзі сезіп келеді деді. Жарты сағат өткен соң Тілеміс емші үйге кіріп келді. Тамырымды ұстап көріп, үш күн бойына дұға оқитынын айтып, емдік қасиеті бар шөптер ішесің деді. Қыркүйек айында жақсаратынымды айтты. Айтқандай, сол аурудан айықтым. Кейін студент кезімде тағы қайталанды. Деканым жағдайымды түсініп емделуге босатты. Ауылға оралғанда апаммен Тілеміс емшіге қайта бардық. Ол кісі марқұм болып кетіпті. Кемпірі зират басына түнеңдер деді. Кешкісін көрпе, жастығымызды алып апамның тізесіне басымды қойып жаттым. Апам ұйықтай бер деді. Көзімді ашсам таң атып қалыпты, орнымнан атып тұрып жүріп кеттім. Оның алдында тұруым қиын, жүруім бәсеңтұғын. Қайта оқуға барғанда оқытушы таң қалды. Сол Тілеміс сынды тамыршылардың көзі кеткен соң, ұмыт қалған болуы керек. Шындығында тамыр ұстай білу өте үлкен қасиет. Тибетте тамыр ұстаудың 124 түрі бар. Оны білген адам ол жақта ғұлама. Мен оның 80 түрін білемін, – дейді Марат Шотаев.
Қарағандыдағы медицина инстутына әйгілі көріпкел, иллюзия шебері, телепат Вольф Мессинг келгенде оқу ордасының студенті Марат Шотев та дәрісіне қатысқан. Шығыс емімен айналысатынын көріпкел оған сол кезде айтқан көрінеді.
– Ол кезде 2-курс студентімін. Вольф Мессингпен институттың мәжіліс залында кездесу болды. Профессорымызбен төрт студент еріп бардық. Көмекшісі психологиялық тәжірибе жасау үшін сахнаға 4 студентті шығарды. Арасында мен де бармын. Кезек маған келгенде “не жайлы ойлауым керек” деп сұрадым, Вольф Мессинг маған қарап “оқуды қалай аяқтайтыныңды, қандай дәрігер болатыныңды ойласаң болады” деді. Содан бетіме қарай тұрып: “институтты бітірген соң 15 жылдан кейін шығыс медицинасымен айналысасың” деді көріпкел. Мен ол кезде шығыс медицинасы туралы ешқандай дерек білмеймін. Сол кісі айтқан соң қызығушылығым ояна бастады. Профессорымнан сұрап қоямын “ол қандай ғылым?” деп. 1969 жылы Қарағанды медицина институтын бітірген соң, 25 жыл Меңдіқара ауданында дәрігер болып істедім. Мен үшін үлкен тәжірибе болды. Ауданда жүргенде жай отырмай ғылыми жұмыспен айналыстым. 1989 жылдан бастап түптеп кірістім. Мәскеуде, Ленинградта қосымша оқыдым. Ол жақтан Тибетке барып 3 жыл білім алдым. Ондағы мақсат – шығыс медицинасын игеру, тамыр ұстау тәсілін меңгеру еді. Мәскеудегі емхананың біріне барғанда тамыр ұстау арқылы емдеймін дегеніме ешқайсысы сенбеді. Арнайы комиссия алдынан өттім. Дәлізде жүрген кез келген адамды ертіп алып келіңдер дедім. Үш рет айтқаным дұрыс келмесе кері қайтамын деді. Дәл солай жасады, үш адамға айтқанымның 85% дәл келді. Олар мені қалып жұмыс істеуге үгіттеді. Мәскеуде 2 жылдай адам емдедім. Ары қарай Орынборға кеттім. Мұның сыртында Испания, Париж, Түркияда адам қабылдадым, – дейді емші.
Осыдан бірнеше жыл бұрын індет белең алған тұста Марат Ахметқазыұлы ине-терапиясы арқылы дем жетпеген науқастарды емдеген. Кейін өзі де бір ауырып тұрған. Ол індеттен қалай айыққанын айтып берді.
– Дәрінің көмегі болмай қалды ғой. Кеудедегі қақырық түспейді. Нүктелерге ине қою арқылы қақырықты түсірдім. Дәрі-дәрмек тек беткі жағын кетіреді. Мен түбіне дейін жеттім. Инемен жіңішке бронхта тұрып қалған қақырықты түсіреміз. Сөйтіп жүргенде өзім де жұқтырып алдым. Бар істегенім – бөлек үй жалдап, жалғыз болдым. Жылқының қос қазысы мен қымыз сатып алып емделдім. Қазыны пісіріп қойып күнде таңертең жіңішкелеп кесіп алып жеп жүрдім. Артынша қымыз ішемін. Қымыздың пайдасы мол, ішек жолдарын тазалайды. Әр ұлттың тамақтану үрдісі болады. Біздің ағзамыз жылқының, ірі қара, ұсақ малдың етін жеуге бейімделген. Адамның ауруына біраз жағдай әсер етеді. Айталық, тибеттіктердің жасы 108-ге дейін жетеді. Жапондар да ұзақ өмір сүреді. Оның бәрі дұрыс тамақтану, саламатты өмір салтын ұстану, дер кезінде емделудің арқасы. Бізде көбі ауру әбден дендеп, асқынған соң келеді. Ем-дом жасауға кейде кеш болып жатады, – дейді Марат емші.
Емші жасы біразға келгеніне қарамастан ізденісті тоқтатқан емес. Тибет медицинасы жайлы тракттатарды әлі күнге дейін ақтарады.
– Тибеттің “Көк берел” деген трактаты бар. “берел” деген тастың аты. Одан кейін “Төрт кітапта” көп дүние жазылған. Осынша жасқа келсем де білімімді толықтыруды жалғастырып келемін. Жақында “Қытай медицинасындағы қиын сұрақтар” деп аталатын кітапты бастадым. Оны енді бастаушылар түсінбейді. Көптеген ауру түрлерін емдеймін. Орталық жүйке жүйелері зақымданса, инсульт алса, беті қисайып кетсе түзетуге болады. Бірақ, оның барлығы ине салу арқылы. Қазір белден шойрылып немесе аяқтан бас алмай қалып жатқандар көп. Оларға белге жасайтын жаттығулар беріледі. Еркектерде кездесетін ауруларды емдеймін. Көздің қаны қысымы жоғарлап кетсе түсіруге болады. Жақында бір жігіт келді. Көзінің қан қысымы 40 болып тұр. Қалыпты жағдайда 18-20 болуы керек. Ем тағайындап бердім. Кейін емханаға қаралды, ақырындап 18-ге түсірдім. Көзінің айналасындағы нүктелерге ине қойдым. Ішімдікке салынғандарды айықтыруға болады. Ләззат алу нүктесі болады, сол ішімдікпен уланған. Арақтан басқа ештеңені қажет етпейді. Демікпе, өкпенің қабынуы, құлақ, көз ауруларын емдеуге болады. Алайда, ота жасатпай тұрып келулері керек. Ота бәрін бұзып тастайды. Балаларды 3 жастан бастап қараймын. Шыжың балаларды емдеуге болады. Сондай-ақ, оларда кездесетін түрлі ауруларды емдеп жазамын. Инсульт алғандардың үйіне барып ине қоямын. Мидың зақымдануына байланысты, кейбір адамдар бірден жүріп кетіп жатады. Дегенмен, үмітсіз шайтан деген бар, айналысу керек, – дейді Марат Шотаев.
Шығыс медицинасының маманы бүгінге дейін көп адамның алғысына бөленген жан. Ең бастысы алдыңа келген адамға жылы шырай танытып, көңіл-күйін көтере білгеннің өзі бір ем дейді ол.