Арқалыққа қарасты үш елді мекенді су басу қаупі бар

Арқалыққа қарасты үш елді мекенді су басу қаупі бар

Көктемгі су тасқынында апатты жағдайларға жол бермеу керек. Бүгінгі таңда Қостанай облысының оңтүстік өңірлері бойынша да тиісті шаралар атқарылып, барлық күш осы мақсатқа жұмылдырылған.

«Қазіргі таңда бар назар көктемгі су тасқынында болуы тиіс. Уақытты ұтымды пайдалану қажет. Жұмысты бір сәтке де босаңыстуға болмайды. Ең біріншіден азаматтардың, халықтың мүлігін, малын сақтап қалу керек», – деп қадап тапсырды кезекті селекторлық кеңесте облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Арқалық қаласына қарасты су басу қаупі бар Екідің, Қайыңды, Жалғызтал ауылдарынан 14 шаруа шаруа қожалығы малдарын қауіпсіз жерге шығарды. Қар аршылып, азық дайындалып, малды уақытша ұстауға қатысты жұмыстар толығымен жүргізілді. Ондағы мал басының саны 1052 бас ірі қара, 469 бас жылқы, 899 бас ұсақ мал.

Қала әкімдігі су тасқынына қарсы шараларды жүргізу барысында бюджеттік мекемелер қызметкерлерінен арнайы топтар жасақтап, жалғызілікті жандардың, қарттардың, өзге де көмекке мұқтаж отбасылардың сондай-ақ, иесіз үйлердің аулаларынан қар шығару жұмыстарын ұйымдастыруда. Осы жұмыстарға 438 қызметкер, 44 техника тартылған. Науқан басталғалы 600-ге жақын үйлердің аулаларының қары тазартылды.

Аманкелді ауданында Үрпек, Қабырға, Құмкешу ауылдарының су жолындағы қыстақтарынан малдарды қырға шығару шаралары басталуда. Мал саны 4404. Жанкелдин ауданында 2 шаруа қожалығы 3 мың басқа жуық малын қатерсіз аймаққа шығарған. Өзге шаруашылықтар су таси бастаған хабарды естіген бетте көшуге әзір отыр.

Мұрат Жүнісұлы 

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу