Сот залында қамауға алынды

Сот залында қамауға алынды

Бейімбет Майлин ауданы мәслихатының төрағасы мен аудандық мәслихат депутатына қатысты қылмыстық іс аяқталды. Сот Денис Мартин мен Ербол Бекқалиевті кінәлі деп танып, бас ботандықтарынан айырды.
Айта кетейік, ауданы мәслихатының төрағасы және депутаты пара бермек болды деп айыпталған еді. Айыптау мәліметтеріне сүйенсек, мәслихат төрағасы параны ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қызметкерлеріне, аудит барысында анықталған бұзушылықтар бойынша онымен аффилиирленген фирмада шаралар қолданбағаны үшін берген.

Ал 2 млн теңгені аудандық мәслихат депутаты Қостанайда жеке кездесуде қолына ұстатпақ болған жерінен ұсталған.

Қылмыстық іс қалалық №2 сотында қаралған еді. Сот барысы қысқартылған тәртіппен өтті. Бұған дейінгі сот отырыстарында, мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсі дәлелденгенін және жазаны жеңілдету қылмыстық заңнаманың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келмейтінін айтқан. Прокурор соттан аудандық мәслихат төрағасы Денис Мартинді 2 жыл 7 айға бос бостандығынан айыруды, ал депутат Ербол Бекқалиевті 1 жыл 6 айға соттауды сұраған еді.
Сотталушылардың қорғаушылары соттан екеуін бас бостандықтарынан айырмауды сұраған. Ақпан айының 25-і күні сотталушылар соңғы сөздерін айтты.

«Істеген әрекетіме өкінемін. Енді мұндай бұзушылыққа бармаймындеп уәде беремін. Құрметті сот, мені бас бостандығымнан айырмауды сұраймын. Жазасы айыппұл ретінде тағайындасаңыз. Ақша бар. Менің 4 балам бар. Оларға жақсы тәрбие, әкелік жылулық сыйлауым керек. Әрқайсына ерекше назар аудару қажет. Айыппұл ретінде жаза беріңізші», – деді соңғы сөзінде Денис Мартин.

Сотталушы Ербол Бекқалиев те соттан оны бас бостандығынан айырмауды өтінді. Жасаған ісіне өкінетінін жеткізді. Жазаны айыппұл ретінде тағайындауды сұрады. Сот соңғы сөздерін істігеннен кейін, шешім шығаруға кетті. Жарты сағаттан асқан уақытта сот залға кіріп шешімді оқыды.

«ҚР Қылмыстық кодекстің 368-бабы 1-бөлігі ойынша Ербол Бекқалиев кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Денис Мартин ҚР Қылмыстық кодекстің 24-баптың 3-бөлілі, 367 бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл 7 ай 15 күнге бас бостандығынан айырылсын. Үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы өзгертіліп, сот залында тез арада қамауға алынсын», – деді сот.

Екеуіне де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Сот екеуінің істеген істеріне өкінетінін және балалары барын ескергенін жеткізді. Шешімге шағымдануға болады.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсірген – автор